ЖАҢА ОРТАЛЫҚТА КЕЛУШІЛЕРГЕ ЫҢҒАЙЛЫ ЖАҒДАЙЛАР ЖАСАЛҒАН

Бәйдібек ауданында егде жастағы тұрғындардың белсенді, әрі сапалы өмір сүруіне мүмкіндік беретін жаңа әлеуметтік нысан – «Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Аталған орталық аудан орталығы – Шаян елді мекенінде орналасқан. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы – ел Үкіметінің және жергілікті әкімдіктің әлеуметтік саясаттағы маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, “АMANAT” партиясының “Ардагерлерді ардақтайық”, “Кедергісіз келешек”, “Бақытты отбасы” атты партиялық жобалары – Қазақстан қоғамының әлеуметтік осал топтарын қолдауға, олардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ірі және ұзақ мерзімді бастамалар. Бұл жобалар партияның 2023–2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Әр жоба өз алдына нақты әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған.

Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев, AMANAT» партиясы Бәйдібек аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қуанышбек Қансейітов және қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Салтанатты жиын барысында жаңа орталықтың маңызына тоқталған қонақтар бұл нысанның ашылуы ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы үлкен қадам екенін  және қоғамдағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге, әлсіз топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған нақты әрі жүйелі қадам болып саналатынын атап өтті.

Партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қуанышбек Қансейітов аталған нысанның ашылуы партияның “Ардагерлерді ардақтайық”, “Кедергісіз келешек”, “Бақытты отбасы” сынды ірі партиялық жобалары аясында жүзеге асып отырғанын жеткізді. «Бұл орталық  тек егде жастағы азаматтардың емес, мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың да өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі. Мұнда зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтар сапалы қызмет алып, қоғам өміріне белсене араласуға мүмкіндік алады», – деді ол.

Жаңа орталықта келушілерге ыңғайлы жағдайлар жасалған. Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, толықтай бейімделген әрі қолжетімді орта қалыптастырылған. Мұнда кәсіби әлеуметтік қызметкерлер мен медицина мамандары тұрғындарға кеңес беріп, арнайы бағдарламалар бойынша қызмет көрсетеді.

Ашылған күннен бастап орталықта түрлі бағыттағы сабақтар, дене шынықтыру жаттығулары, психологиялық және әлеуметтік кеңестер, қолөнер мен шығармашылық үйірмелері іске қосылды. Бұл бастама аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды