Бүгін «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының Қызылқия бастауыш партия ұйымының кезекті ұйымдастыру жиналысы болып өтті. Жиналысқа «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Исақұлов Есімхан Ешенқұлұлы, аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Ибраимов Абзал Маратұлы, Қызылқия БПҰ төрайымы Ақынғазиева Айгүл Күзенбайқызы, топтық ұйым басшылары және партия мүшелері қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Қазығұрт аудандық филиалы хабарлады.
Жиналысты Қызылқия БПҰ төрайымы А. Ақынғазиева ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырды.
Жиналыс басында Есімхан Ешенқұлұлы бастауыш партия ұйымының мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды.
Ол БПҰ-ның партия Жарғысы мен бағдарламалық құжаттарын халық арасында түсіндіру, партия мүшелері мен жоғары тұрған партия құрылымдары арасында тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету, жақтастарды тарту, қоғамдық пікір лидерлерін анықтау, жергілікті халықтың проблемалары туралы ақпараттандыру және сайлау науқандарында кандидаттар ұсыну сияқты маңызды жұмыстарын атап өтті.
Бұл ұйымның партияның жергілікті деңгейдегі негізгі тірегі екенін ерекше атап өтті.
Күн тәртібіне сәйкес, Қызылқия БПҰ төрайымы Ақынғазиева Айгүл Күзенбайқызы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Оның баяндамасында Қызылқия БПҰ-да 11 партиялық ұйымда 486 партия мүшесі бар екені, олардың 59%-ы әйелдер, 41%-ы ер кісілер екені айтылды. Мүшелік жарна жоспары мамыр айында 99%-ға орындалған. «Қарызсыз қоғам», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Ауыл аманаты», «ТазаLike» сияқты партиялық жобалар аясында атқарылған ауқымды жұмыстар баяндалды.
Есімхан Ешенқұлұлы есептерді тыңдап, Қызылқия БПҰ-ның аудан көлеміндегі көрсеткіштеріне жоғары баға беріп өтті.
Жиналыс соңында қатысушылар пікір алмасып, БПҰ-ның алдағы міндеттері мен жұмыс бағыттарын талқылады. Бұл жиналыс партияның жергілікті деңгейдегі белсенділігін арттыруға және халықпен кері байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.