Түлкібас ауданында қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы игі істер жалғасуда. Бүгін Майлыкент ауылдық округіне қарасты Т.Рысқұлов елдімекеніндегі Күншуақ мөлтек ауданында жалпыаудандық «Таза бейсенбі» акциясы аясында кең көлемді тазалық іс-шарасы өтті. Бұл шара экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық аумақтарды таза ұстау және тұрғындардың ортақ іске бейжай қарамауын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
«AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға «Түлкібас көрікті ел» мекемесінің ұжымы, Майлыкент ауылдық округіне қарасты бірқатар мемлекеттік мекемелер мен ұйым қызметкерлері белсене атсалысты. Іс-шара барысында Күншуақ мөлтек ауданының көшелері, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен балалар ойын алаңдары тұрмыстық қалдықтардан толық тазартылды.
Сонымен қатар, арық-атыздар аршылып, су жүретін жүйелер ретке келтірілді. Ағаштардың артық бұтақтары кесіліп, жасыл желектерге күтім жасалды. Бұл өз кезегінде аумақтың экологиялық ахуалын жақсартып, ауылдың көркін аша түсті.
Акция аясында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов тазалық пен тәртіптің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
«Тазалық – тек сыртқы көрініс емес, бұл мәдениетті қоғамның көрінісі. Біз ауылдарымызды таза ұстасақ, балаларымызға жарқын болашақ, жайлы орта қалдырамыз. «Таза бейсенбі» акциясы тек бір күндік іс емес, бұл – тұрақты экологиялық тәрбие құралына айналуы тиіс», – деді партия өкілі.
Партияның аудандық филиалы тарапынан тазалық жұмыстарына қажетті құрал-саймандар мен техникалық көмек ұйымдастырылып, қатысушыларға барлық жағдай жасалды. Тазалау жұмыстары нәтижесінде аумақтан 1 тоннаға жуық қоқыс арнайы техникамен шығарылып, Күншуақ мөлтек ауданы айтарлықтай тазартылып, абаттандырылды. Бұл тек санитарлық жағдайды жақсартумен шектелмей, тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге және ортақ жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Түлкібас аудандық партия филиалы барлық тұрғындарды туған өлкемізге жанашырлық танытып, ауыл тазалығына бейжай қарамауға шақырады. Себебі, тазалық – тәртіптің, ал тәртіп – өркениеттің бастауы.