Бүгін «AMANAT» партиясының Түркістан қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан қалалық мәслихат депутаты Мәди Аманжол Данаханұлы азаматтарға жеке қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген қала тұрғындары әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті мәселелерін ортаға салды. Әсіресе онлайн форматта көтерілген сұрақтар мен ұсыныстарға қатысты заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті бөлімдер арқылы шешу жолдары қарастырылды. Депутат азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдап, олардың оң шешілуіне ықпал жасады. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Түркістан қалалық филиалы хабарлады.
Сол күні Мәди Аманжол Данаханұлы «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының мәжіліс залында Отырар тұрғындар алабының мамандарымен де жұмыс кездесуін өткізді. Басқосу барысында тұрғын алапта атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланып, бірқатар өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – инфрақұрылым, әлеуметтік және коммуналдық саладағы жүзеге асып жатқан істерді саралау және алдағы уақытқа арналған жоспарларды нақтылау болды. Мамандар мен депутат бірлесе отырып, келешекте қолға алынатын жобаларды айқындап, тұрғындар өміріне қолайлы жағдай жасау жолдарын қарастырды.
Жиын қорытындысында Мәди Аманжол Данаханұлы қала тұрғындарының өтініш-тілектері мен көтерген мәселелері әрдайым назарда болатынын, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.