Бүгін «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына орай Түлкібас ауданының тумасы Соғыс ардагері Шерахан Қуанышбековтың құрметіне арнап, С.Сейфуллин атындағы ЖББМ еске алу кеші өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Арнайы жиынға Шерахан Қуанышбековтың отбасы, ұл-қыздары, әріптес болған азаматтар, сыныптастары, Партияның ардагері Сауранбек Таңатбаев, Түлкібас аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбеков, филиал төрағасы Ержан Жүнісов мектеп ұжымы қатысты. Кешке келген қонақтар Шерахан Қуанышбековтың өмірбаяны мен атқарған қызметтерін, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестерімен, тұлғаның жарқын сәттерін еске алып, өз пікірлерімен бөлісті. «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалы, Түркістан облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімінің қолдауымен бүгін С.Сейфуллин атындағы ЖББМ бір сыныбына ҰОС ардагері, «За отвагу», «За победу над Германией» медалдарының иегері Қуанышбеков Шераханның есімі берілді, тиісінше ол сынып іші жаңартылған материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілді. Ендігі кезекте аталмыш мектеп оқушылары жаңа материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген сыныпта білім алуға толықтай мүмкіндік алды. Партиялас азаматтар Сауранбек Таңатбаев, Сәтбай Қасымбеков, Ержан Жүнісов сол сыныптың лентасын қиып, салтанатты іс-шараны ашып берді.
Қуанышбеков Шерахан 1925 жылы Түлкібас ауданы, Борсықсай ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың желтоқсанында 18 жасқа толғанда майданға аттанған. Бірінші 1942 жылы Забайкальский майданында, 1944 жылы 2-ші атқыштар дивизиясында жеңіс күніне дейін соғысып, 1948 жылға дейін Оңтүстік Орал әскери округінде Отан алдындағы борышын өтеген. Майданда жүріп комсомол, сонан соң партия қатарына 1947 жылы мүшелікке қабылданып, жас болса да ерлігімен көзге түсіп, «За отвагу», «За победу над Германией» және тағы басқа медаль ордендермен марапатталады.
1948-1969 жылдары «Борсықсай» колхозының төрағасы, Түлкібас аудандық сотының хатшысы, Вознесеновка ауылдық атқару кеңесінің төрағасы, Корниловка ауылдық клуб меңгерушісі, Корниловка ауылдық атқару кеңесінің хатшысы, С.Сейфуллин атындағы орта мектебі директорының орынбасары, Корниловка селосының экспедиторы жұмыстарын атқарған. 1957 жылы Москва қаласындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысты.
1967-1969 жылдары «Қызыл жұлдыз» колхозында денсаулығына байланысты нормировщик ретінде жұмыс жүргізген. 1969-1970 жылдары Шымкент қаласындағы облыстық статистика бөлімшесінің статисті болды. Қуанышбеков Шерахан 1970 жылы 6 шілдеде дүниеден өтті.
Өзі басқарған шаруашылықта ғана емес, бүкіл аудан, тіпті облыс жұртшылығы арасында лайықты құрметпен биік беделге ие болды. Өзінің саналы ғұмырында ауданның, ауылдық әлеуметтік-экономикалық салаларының дамуына еңбек етті.