Созақ ауданы, Созақ ауылында бой көтеріп жатқан спорт денсаулық-сауықтыру кешенінің құрылысы партиялық бақылауға алынған. Нысанның құрылыс барысын бақылау мақсатында «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы арнайы мониторинг жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Мониторингке комиссия төрағасы Б.Тұрғанбаев, комиссия мүшесі Т.Абуов, Созақ ауданы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Д.Үркінбаев, сондай-ақ мердігер мекеменің учаскелік жетекшісі А.Ұлықсат қатысты. Олар құрылыс алаңында жүргізіліп жатқан жұмыстармен толық танысып, нысанның қазіргі жағдайына баға берді.
Қазіргі таңда нысанның іргетасы толықтай құйылып, қабырғаларды қалау жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Құрылыс алаңында 11 жұмысшы жұмылдырылып, олар қажетті құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жұмысшылар арнайы киімдермен жабдықталып, еңбек қауіпсіздігі ережелері қатаң сақталуда. Бұл бағытта тиісті ұсыныстар беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Құрылыс жұмыстары 2 арнайы техника көмегімен атқарылып жатыр. Жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында құрылыс барысы авторлық және техникалық қадағалау тарапынан тұрақты бақылауда. Барлық жұмыс кезеңдері тиісті журналдарда тіркеліп, құжаттама талапқа сай жүргізілуде. Құрылыс жыл соңында пайдалануға берілмек.
Бұл нысан тек спортпен айналысуға арналған орын ғана емес, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды әлеуметтік инфрақұрылым болмақ. Жобаның іске асуы Созақ ауылының әлеуметтік-мәдени әлеуетін арттырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік береді.
Партиялық бақылау комиссиясы алдағы уақытта да құрылыс барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, оның сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуге ықпал етпек. Нысан құрылысының аяқталуымен Созақ ауылында заманауи спорт инфрақұрылымының тағы бір үлгісі пайда болады деп күтілуде.