Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Жанна Қуандықованың ұйымдастыруымен «Шың басынан көрінген шымыр тұлға» атты бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Кентау қаласының құрметті азаматы Қанат Шағатаевпен жүздесуге арналған оқырман бенефисі өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Кентау қалалық филиалы хабарлады.
Оқырман бенефисіне қонақ ретінде Түркістан облыстық мәслихат депутаты Талғат Садуов , «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров, қаламыздағы бокс спортын жандандырып жүрген жаттықтырушылардың бірі Бақыт Бүркітбаев, бокстан Шри-Ланкада өткен қыздар арасындағы Азия чемпионатының алтын жүлдегері Танкибаева Айым және қаламгер, ақын Мұхит Махажанов, сонымен бірге бокс мектебінің жас түлектері қатысты.
Кездесу барысында денсаулықты нығайту дағдыларын қалыптастыру жайында және спорттың денсаулықты ғана шыңдап қоймай, «табыс көзі» бола алатындығы жайында да маңызды әңгімелер айтылып, кітапханашы Шәкизат Сейдуәлиеваның орындауында кеш иесінің құрметі үшін патриоттық әндер шырқалды. Шара соңында «ибалы қыздарымыз бен намысты ұлдарымыз көп болсын» — деген ниетпен ел ағалары бата берді.