Сайлауалды бағдарлама – бұл жай ғана уәде беретін құжат емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың жүйелі жоспары. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Түркістан облысы бойынша Жол картасы партияның халықпен байланысының, сенімінің және жауапкершілігінің айқын көрінісі. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарлама аясында өңірлердегі өзекті мәселелер – инфрақұрылым тарту, ауылдарды көркейту, жол, су, газ, жарықпен қамтамасыз ету, білім мен денсаулық сақтау салаларын дамыту секілді күнделікті халық өміріне тікелей әсер ететін бағыттар қамтылған. Бұл тек стратегиялық құжат емес, ел тұрғындарының үніне құлақ асқан, нақты қажеттіліктерге негізделген жоспар.
Сайлауалды бағдарламасының Жол картасы нақты нәтижелерін де беріп келеді. Аталған құжат аясында Түркістан облысының Арыс қаласына қарасты Көкжиде елді мекеніне көптен күткен табиғи газ жеткізілді. Бұл шалғай ауыл тұрғындары үшін тарихи, әрі қуанышты оқиға болды.
Салтанатты іс-шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев пен «AMANAT» партиясының Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков арнайы барып, ауыл халқымен қуанышты сәтті бірге бөлісті. Олар тұрғындарды құттықтап, бұл өзгеріс ел игілігіне бағытталған партиялық Жол картасының нәтижелі жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Тәуелсіздіктің басты игілігі – ауылдарымыздың өркендеуі. Партияның Жол картасы осындай маңызды инфрақұрылымдық жобалар арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Көкжиде тұрғындары үшін бұл күн ерекше есте қалары сөзсіз. Әр шаңыраққа жылу мен береке тілеймін», – деді қала әкімі.
Ауылдағы алғашқы газ алауы жағылып, алғашқылардың бірі болып көгілдір отынға қосылған Талғат Райбековтің шаңырағында болған қала әкімі мен партия филиалының төрағасы, ізгі тілегін білдірді. Жаңалыққа қуанған ауыл ақсақалдары қыста көмір жағып, күл шығаратын әурешіліктен құтылғандарына ризашылықтарын білдірді. «Енді газ келіп, үлкен жеңілдік болды. Бұл – халықтың көптен күткен арманы», – деді Талғат Райбеков.
Айта кетейік, бүгінде Көкжиде елді мекенінде 153-тен астам абонент газға қосылуға мүмкіндік алды. Бұл – мыңнан аса тұрғынның өмір сүру сапасы артты деген сөз. Партия Жол картасы аясында биылғы мамырда Байырқұм ауылы да табиғи газға қосылған болатын. Алдағы кезеңде Жиделі мен Аққала ауылдарына да көгілдір отын жеткізу жоспарда. Жыл соңына дейін Арыс қаласының орталығы толықтай газдандырылмақ.