СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ САУРАН АУДАНЫНДА

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Асылбеков Сағынбек Жақсыбекұлы Түркістан облысы, Созақ ауылы тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы Қожановтың немере інісі, атасымен аттас Сұлтанбек Қожановпен кездесу өткізді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов (10 қыркүйек 1894 — 10 ақпан 1938) — XX ғасырдың басындағы көрнекті қазақ мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист, редактор. Ол Түркістан автономиясы мен қазақ ұлттық мемлекеттілігінің қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Саяси қызметі: 1917 жылы Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қожықов, Болғанбаев, Ақаевпен бірге Түркістан автономиясын құруға атсалысты. «Бірлік туы» газетін шығарды.

«Қазақ» атауын қалпына келтіру: 1922 жылы Бүкілодақтық Кеңестер съезінде Владимир Ленинге: «Біз — қазақтармыз. Бізді ‘қырғыз-кайсак’ деп атау — қорлау» деп мәлімдеді. Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы Қожанов ақталғаннан кейін сіңірген еңбегін мойындап, тек қана 1994 жылы еңбектері шығарыла бастады. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.

Сұлтанбек Қожанов — ұлттық идеяны советтік жүйе жағдайында жалғастырған, қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушылардың бірі. Оның өмірі — ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

Сұхбаттасу барысында Сағынбек Жақсыбекұлы ХХ ғасырда бірнеше қайталана орын алған репрессия жылдары және батыр халқымыздың басым бөлігінің жаны қиылған ашаршылық жылдарындағы ауыр да азапты күндер қазақ халқының тарихында қалғанын, ел басынан өткен ауыр нәубет жылдардың оқиғалары халық жадында екенін атап өтті. Ауданымызда Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күніне іс-шараларға бірге қатысуға шақырды.

Мұнан соң, саяси қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы Сұлтанбек Қожанов халқымыздың басына түскен нәубет-зобалаң халық жадынан ешқашан өшпейтіндігін, өткен тарихымызды ұмытпай, біздің болашағымыз үшін күрескен ата-баба рухына тағзым ету парызымыз екендігін айтып өтті.

Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешкен қазағымның әрқайсысының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бәрі-бәрі бүгінгі ұрпақтың құлағында, жүрегінде, мәңгі есінде! Ел тағдыры жолында жаны қиылған азаматтардың рухына тағзым ету, олардың еңбектері үшін алғыс білдіру тәуелсіз елдің кез-келген тұрғынының парызы!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды