Бүгін – жан мен тәннің арашасы болған ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі – Медицина қызметкерлері күнімен Көксәйек ауылында орналасқан аудандық аурухананың бір топ дәрігерлерін арнайы құттықтап қайттық. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Төлеби аудандық филиалы хабарлады.
«AMANAT» партиясының Төлеби аудандық филиалы атынан аталған аудандық аурухана ұжымын құттықтап, бірқатар дәрігерлерге Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыс еттік. Бұл – халық денсаулығы үшін ерен еңбек етіп жүрген жандарға деген алғыс пен құрметтің шынайы белгісі.
Бас дәрігер Қарлығаш Раушанқызы Омарова біздің келуімізді ерекше ықыласпен қарсы алып, аурухана ұжымында «AMANAT» партиясының 400-ден астам мүшесі бар екенін атап өтті. Бұл – ақ халатты жандардың ел болашағына бей-жай қарамайтынының айғағы.
Айта кетерлік бір жағымды жайт – біз барған сәтте жаңадан ашылған ұжымдық асхананың тұсаукесері өтіп жатыр екен. Дәрігерлер бас дәрігердің идеяшыл, жаңашыл әрі креативті басшы екенін ерекше ризашылықпен айтып жатты. Бұл – ұжымдық рухты көтеретін, жайлы еңбек ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Ақ халатты абзал жандардың әрбір ісі – сауап, әр сөзі – жұбаныш, әр қадамы – өмір үшін күрес. Олар уақытпен санаспайды, тынымсыз еңбектенеді, үміті үзілгенге үміт сыйлап, жарығы сөне жаздағанға шырақ жағады.
Дәрігер болу – күнделікті ерлікпен пара-пар.
Мұндай жандардың алдында бас иеміз! Бүкіл елдің денсаулығы – Сіздердің қолдарыңызда!
Мерекелеріңізбен, құрметті медицина қызметкерлері!