Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «AMANAT» партиясы тұрақты түрде «Таза бейсенбі» атты экологиялық шараны өткізіп келеді. Бұл игі бастама еліміздің әр өңірінде жалғасын табуда. Бүгін аталмыш акция Түркістан облысы, Төлеби ауданында ұйымдастырылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғауға қоғам назарын аударуға бағытталған бұл акция аудан аумағындағы көрікті орындардың бірі — Біркөлік шатқалында өтті. Аталған шатқал – тек Төлеби ауданы үшін емес, бүкіл өңір үшін маңызды демалыс және туризм аймағы болып саналады. Бүгінгі таңда осынау шатқал аумағында 300-ге жуық демалыс орындары жұмыс істеп тұр. Алайда мұнда келушілердің бейқамдығынан табиғи ландшафт ластанып, қоршаған ортаға зиян келуде.
«Таза бейсенбі» акциясына «AMANAT» партиясының аудандық филиалының мүшелері, қоғам белсенділері, еріктілер, сондай-ақ аудандық «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері белсене атсалысты. Қатысушылар шатқал аумағындағы демалушылар қалдырып кеткен тұрмыстық қалдықтарды жинап, табиғи аймақтың тазалығын қалпына келтіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарды.
Шара барысында «Жастар рухы» жастар қанатының Төлеби аудандық филиалының төрағасы Қанат Рысбеков сөз алып, бұл акцияның маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты аялауға айрықша назар аударып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы тек бір реттік шара емес, бұл күнделікті өміріміздің дағдысына айналуы тиіс мәдениет. Бүгінгі «Таза бейсенбі» соның нақты көрінісі. Табиғатты сақтау бәрімізге ортақ міндет. Әр азамат экологиялық жауапкершілікті сезінуі керек, – деді Қанат Рысбеков.
Іс-шара барысында қатысушылар демалыс аймағын тек тазалап қана қоймай, тұрғындар мен туристерге арналған экологиялық мәдениет пен табиғатты сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта осындай акциялардың жиі ұйымдастырылатыны, оған жастардың белсенді түрде тартылатыны атап өтілді.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза бейсенбі» акциясы елімізде экологиялық мәдениетті арттырумен қатар, ел ішінде волонтерлік қозғалысты дамытуға да өзіндік үлесін қосуда. Түркістан өңірінде мұндай шаралар тұрақты жалғасып келеді және қоғам тарапынан кең қолдауға ие.

