ПАРТИЯНЫҢ АЛҒА ҚОЙҒАН МІНДЕТТЕРІ ЖОЛЫНДА ЕҢБЕК ЕТУГЕ ДАЙЫН

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында партияның жергілікті құрылымдарының жұмысы пысықталып, жаңа мүшелерді салтанатты түрде партия қатарына қабылдау рәсімі өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шара барысында Алтынсары Дүйсенбекұлы партияға жаңадан қабылданған азаматтарды құттықтап, партияның ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтаудағы, әлеуметтік әділеттілік пен азаматтардың әл-ауқатын арттырудағы рөліне тоқталды. Ол сондай-ақ, «AMANAT» партиясының негізгі бағыттары мен 2023–2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасындағы басым жобаларға кеңінен тоқталып өтті. Оның ішінде “Бақытты отбасы”, “Кедергісіз келешек”, “Ардагерлерді ардақтайық”, “Жер аманаты” және “Ауыл аманаты” секілді жобалардың қоғамға тигізіп жатқан нақты пайдасын атап өтті.

– Партия – бұл саяси алаң ғана емес, қоғамның мүддесін қорғау мен халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын құрылым. Бүгін партия қатарына қосылған азаматтардың бұл жауапкершілікті түсініп, белсенділік танытатынына сенімдімін, – деді филиал төрағасы.

Жетісай ауданында бүгінде 7006 партия мүшесі тіркелген. Ауданда 19 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Бұл – өңір тұрғындарының партия жұмысына белсенді түрде араласып отырғанының айқын көрінісі. 2024 жылдың басынан бері 114 азамат партия қатарына қабылданған. Бүгінгі шарада соның ішінде 10 жаңа мүшеге партия билеттері салтанатты түрде табысталды.

Іс-шара барысында жаңа мүшелер өз ықыластарын білдіріп, партияның алға қойған міндеттері жолында еңбек етуге дайын екендерін жеткізді. Сонымен қатар, филиал төрағасы аудандық партия филиалының қызметімен танысып, ағымдағы саяси жағдай, партияның идеологиялық бағыттары, жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары мен тұрғындармен кері байланысты нығайту жайы сөз болды.

Бұл сапар – Жетісай ауданында партиялық жұмысты күшейтуге, жаңа серпін беруге бағытталған нақты қадамдардың бірі. Алдағы уақытта да «AMANAT» партиясы қоғаммен ашық диалог орнату, елдік мүдде жолында белсенді азаматтарды ортақ іске жұмылдыру бағытында жұмысын жалғастыра береді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды