ПАРТИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУДА АТҚАРУШЫ ХАТШЫНЫҢ РӨЛІ ЗОР

«AMANAT» партиясы филиалының жетекші құрамында кадрлық өзгерістер орын алды. «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының келісімімен, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің бұйрығымен Талғат Сейдахметұлы «AMANAT» партиясының Созақ аудандық филиалының атқарушы хатшысы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков, AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев және аудан активі, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, аудандық филиал қызметкерлері мен партия белсенділері қатысты.

Жаңа атқарушы хатшыны таныстыру рәсімі Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Жиынды облыстық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев сөз алып, қатысушыларға партия филиалында болған кадрлық өзгерістердің мән-маңызын және жаңадан тағайындалған хатшының еңбек жолын таныстырды.

Іс-шара барысында сөз алған Полат Мұратұлы «AMANAT» партиясының қазіргі кезеңде жаңару мен жүйелі трансформация кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Ол партия қызметіндегі бірқатар реформалар мен жаңашылдықтарға тоқталып, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – партия аппаратының тиімділігін арттыру, ішкі ұйымшылдықты нығайту және елмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу екенін айтты.

– Бүгінде партиямыз елдік мүддені басшылыққа ала отырып, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда нақты қадамдарға барып отыр. Жалпыхалықтық референдумдардың өткізілуі, аудан және ауыл әкімдерін сайлау – осы жолдағы айқын көрсеткіш. Партияның басты мақсаты – халық пен билік арасындағы алтын көпір болу. Бұл ретте қоғамдық қабылдаулар мен ашық диалог алаңдарын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Ал Талғат Сейдахметұлы осы бағыттағы жұмысты сапалы жалғастырады деген сенімдеміз, – деді ол.

Жиында сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңадан тағайындалған атқарушы хатшыға сәттілік тілеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық, саяси және идеологиялық бағыттағы жұмыстарында белсенділік танытады деген сенімін жеткізді.

– Партия – қоғамның қозғаушы күші. Ал аудандық деңгейде партиялық жұмысты жандандыруда атқарушы хатшының рөлі зор. Сондықтан жаңа қызметке кіріскен Талғат Сейдахметұлына үлкен сенім артамыз, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, жиын барысында партияның Созақ аудандық филиалының төрағасы болып келген Ернар Құралбекұлының осы қызметін жалғастыра беретіні айтылып, оның партиялық саладағы еңбегі мен белсенділігі ерекше аталып өтті.

Аудандық филиалдағы кадрлық өзгеріс – партия қызметіндегі серпінді өзгерістердің бір көрінісі. Жаңа басшылықпен бірге партия жұмысында жаңаша серпін, тың идеялар мен нақты істер күтіледі.

Партияның Түркістан облыстық филиалының ұжымы жаңа қызметіне кіріскен әріптесін шын жүректен құттықтап, халыққа адал қызмет ету жолында сәттілік пен табыс тілейді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды