Отбасы институтын нығайту және оның қоғамдағы рөлін арттыру – «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасындағы негізгі басымдықтардың бірі.
«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты ата-аналар балаға көбірек көңіл бөлуі үшін «Балаңа уақыт арна!» үндеу акциясын жариялады.
Құрметті ата-аналар! «Балаңа уақыт арна!» атты үндеу-акциясы – балаларымыздың амандығы мен бақытты болашағы үшін аса маңызды шара. Бұл акцияның басты мақсаты – ата-аналардың өз балаларына көңіл бөліп, олардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне белсенді араласуына жол ашу.
Бала – отбасының айнасы. Ата-ана махаббаты мен қамқорлығына бөленген бала ғана өмірде өз орнын таба алады. Сондықтан да біз сіздерді балаларыңызбен көбірек уақыт өткізіп, олардың ішкі жан дүниесін түсініп, өзара сенімді қарым-қатынас орнатуға шақырамыз.
Отбасындағы береке – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Ата-аналарға жұмыс пен отбасылық міндеттер арасындағы тепе-теңдікті сақтап, мереке және демалыс күндері балаларымен бірге болуына мүмкіндік жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуы қажет. Бұл – тек мектеп пен ұстаздардың ғана емес, ата-ананың да басты жауапкершілігі.
Балаңызға бүгін бөлген уақытыңыз – оның болашаққа деген сенімінің кепілі!
Эльмира БЕЙСЕХУЛОВА,
«AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалының
«Мыңжылқы» бастауыш партия ұйымының төрайымы