ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ҚОҒАМҒА БЕРЕР ПАЙДАСЫ КӨП

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезекті мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау бүгін Түлкібас ауданының орталығы – Тұрар Рысқұлов ауылында өтті. Тұрғындармен кері байланыс арнасы боп түзілген диалог алаңы аудандық мәдениет үйінде ашылып, азаматтардың сұраныстарын тыңдауға партия өкілдері, мемлекеттік атқарушы және өкілді билік тармақтары, құқық қорғау органдарының жауапты азаматтары, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың жетекшілері арнайы келді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Партия ашып берген алаңның тиімділігі мен мүмкіндіктері жөнінде «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Ұйымдастыру және аймақтық жұмыс департаментінің инспекторы Жәнібек Дарханбаев, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев атап өтті.

— Халықтың зор сеніміне ие болған «AMANAT» партиясы, Мемлекет басшысының халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыруда, әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын ұстанып келеді. Біздің мақсатымыз – барлық негізгі шешімдерді азаматтармен ортақ пікір негізінде және қоғамдық мүдделердің кең ауқымын ескере отырып қабылдауға мүмкіндік жасау», — деді партия Орталық аппаратының инспекторы Жәнібек Әбдікерімұлы.

Шешім қабылдау құзыретіне ие облыстық деңгейдегі барлық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау жүйесінің, халықтың ең көп сұраныстарына ие салалар бойынша: мемлекеттік тіркеу, жер рәсімдеу, инженерлік инфрақұрылым мәселелері,  газбен, электр жарығымен, ағын сумен қамту, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде мүгедектікке шығу, білім, спорт, денсаулық сақтау, тағы да басқа көптеген бағыттарда азаматтарға нақтылы көмек көрсетуде мобильді қоғамдық қабылдаудың қоғамға берер пайдасы көп екенін партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев айтты. Партияның өңірлік филиалы облыс тұрғындары көтерген мәселелерді шешуде қоғамның ең көп қолдауына ие боп жатқанын жеткізді.

— Партияның Түркістан облыстық филиалы биылдың өзінде облыс тұрғындарынан келіп түскен 6546 арыз-өтінішті қарады. Оның 61 пайызы немесе 3974 өтініш оң шешімдерін тауып, бақылаудан алынды. 2493 өтініш бойынша көтерілген мәселелердің құқықтық реттеу тетіктері түсіндірілді. Қалған 79 өтініш шешім қабылдау құзыретіне ие мемлекеттік органдарға жолданып, олардың орындалуы облыстық партия филиалының бақылауына алынды. Партияның мобильді қабылдаулары жыл басынан бері 6 ауданда өтіп, облыс орталығынан шалғайда жатқан 12 елді мекен тұрғындарының базынасын ауылдарына барып тыңдадық. Бүгін алдарыңызға келген лауазымды азаматтар күні кеше Сайрам ауданының 2 елді мекенінде қабылдау жүргізді, азаматтар көтерген мәселелерді тыңдап, олардың оң шешім табу жолдарын азаматтармен бірге отырып қарастырды. Осы сипаттағы қабылдауларда 400-ге жуық арыз-шағымдар тіркеліп, оның 61 пайызы оң шешілді, 150-ге жуық өтінішке заң аясындағы кеңестер берілді, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Тұрғындар үшін ашылған диалог алаңында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы бойынша тұрғындардың заң мәселесі бойынша сұраныстарына Түркістан облыстық полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әділет, төтенше жағдайлар департаменттерінің жауапты өкілдері, аудан прокуроры, адвокаттар алқасының өкілі, нотариус, жеке сот орындаушылар, кәсіби заңгерлер, медиаторлар жауап берді, құқықтық консультациялар жүргізді.

Азаматтар көтерген мәселелерді тыңдап, олардың оңтайлы шешу жолдарын қарастыруда облыстық экология, еңбек инспекциясы, жер ресурстарын басқару департаменттерінің өкілдері қабылдау жүргізді. Қоғамда қордаланған мәселелерді ретімен қарастырып, жүйелі шешімдерін табуында жұртшылық білдірген базыналарды арнайы тыңдауға Түркістан облысы әкімдігінің  ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, мәдениет, денсаулық сақтау, бақылау, құрылыс, кәсіпкерлік және сауда, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ветеринария, сәулет және қала құрылысы, дене шынықтыру және спорт, жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, экономика және бюджеттік жоспарлау, цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармаларының, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің жауапты қызметкерлері арнайы келді. Сондай-ақ аудан тұрғындарының өтініштерін депутаттық корпус өкілдері де тыңдап, мәселелерді жеке бақылауына алды.

Азаматтар көтерген мәселелердің өзегіне тоқталар болсақ, қабылдауға келген Әлия Амантурееваға Мансап орталығы арқылы «Күміс жас» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылуға көмек көрсетілетін болды. Осы мазмұндағы сұраныспен жүгінген Жанна Бекімбетова мемлекет есебінен ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, мәселесі шешілді. Қабылдауға жазылған Асылбек Құралов балық өсіру бойынша кәсіпкерлік бастамасын іске асыруға мамандардан қажетті кеңестер алса, Ақбиік ауылының тұрғыны Бақытжан Расул цемент өндіретін кәсіпорынның Абай кен орнынан шыққан көліктер ауыл тұрғындарына зиян келтіріп отырғаны жөнінде шағымын білдірді. Азамат көтерген бұл мәселе бақылауға алынды. Ақбиік ауылынан келген тағы бір тұрғын Алтынай Түктібаеваның гидротехник мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мәселесін партия өкілдері айрықша бақылауында ұстайтын болады.

Қабылдауға келген азаматтар интернет байланыстың сапасын арттыру, аудан аумағынан өтетін халықаралық автодәлізді жөндеу мәселесі, осы жолдан өткелдер салу, ауданның тозығы жеткен ішкі жолдарын жөндеу, жолдарда қауіпсіздік талаптарын қамту, жол инфрақұрылымын ретке келтіру, ауылдарға жарықшамдар орнату, білім, денсаулық сақтау, спорт мәселелері бойынша сұраныстарын білдірді. Өтініштердің барлығы тіркеуге алынып, олардың орындалуы партия назарында болады.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы аудан тұрғындары үшін пайдалы болған кездесу өткізіп, жұртшылықтың өзекті деген сұраныстарының шешім табуына ықпал еткен “AMANAT” партиясына ризашылығын білдіріп, жергілікті тұрғындар атынан алғысын айтты. Түс қайта облыстық партия филиалының мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауы Кемербастау ауылдық округіне қарасты Жарымбетов ауылында жалғасты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды