«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бүгін жұмыс іс-сапарымен Келес ауданына барды. Партияның Келес аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Ахметов аумақта партиялық қызмет бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға есеп беріп, партиялық жобалар шеңберінде қолға алынған бастамаларды таныстырды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Келес ауданы бойынша 3500-ге жуық партия мүшелері 12 бастауыш партия ұйымдарына біріккен. Бастауыш ұйымдардың белсенділігін қамту, олардың алаңдарында партия өкілдерінің, сенім мандатына ие болған депутаттардың тұрғындармен кездесулерін тұрақты түрде өткізу, азаматтар көтерген мәселелердің оң шешілуіне барлық мүмкіндіктерді қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Партиялық жобаларды іске асыруда белсенді қызметті қамтып, оларды мемлекеттік бастамалар аясында ілгерілету жүктелді.
Алтынсары Дүйсенбекұлы ауданға жасаған жұмыс сапары барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевпен кездесіп, партияның Сайлауалды бағдарламасы бойынша Келес ауданында атқарылып жатқан жұмыстарды таразылады. Партиялық міндеттер шеңберінде белгіленген және облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмаларды тиянақты орындау мәселелері талқыланды. Аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің бастамашылдығымен көтерілген мәселелер қарастырылып, ауданның күн тәртібінде тұрған, тұрғындар тарапынан белсенді көтеріліп жатқан өзекті деген мәселелердің оңтайлы шешім табу жолдары байыпталды.
Атап өтуіміз керек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеровтың тапсырмасымен, өңірімізде жергілікті әкімдіктер мен басқармалардың қызмет тиімділігін 87 индикаторлық параметрлер бойынша бағалау жүйесі енгізілген. Оның басым бөлігі партия айқындаған міндеттерден туындап, мемлекеттік бағдарламалардың өзегі болып табылады. Бағалау жүйесінде қаралған параметрлердің 81-і – Келес ауданы әкімдігінің тікелей құзыретіне жататын жұмыс көрсеткіштерін қамтиды. Партияның Жол картасы мен бағалау жүйесі индикаторларының орындалуын тұрақты назарымызда ұстап отырмыз.
Партияның облыстық филиалының төрағасы аудан орталығы – Келес ауылында партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармақтары болып енген нысандардың құрылыс алаңдарына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы қарқын алған құрылыс көлемі туралы ақпарат беріп, жаңадан салынып жатқан нысандардың инженерлік жүйелерінің құрылыстары, олардың аумақтарын абаттандыру мәселелері бойынша ойларымен бөлісті.
Партияның өңірлік филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Ахметов, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бахтияр Таженов аудан әкімдігінің жауапты өкілдері Абай ауылындағы 250 орынға арналған спорт кешенінің құрылысымен танысты. Аудандық бюджет есебінен 1,8 млрд. теңгеге салынып жатқан нысанның құрылысы аяқталу сатысына келіп жеткен. Екі қабаттан тұратын кешенді аралап көрген партия өкілдері, жас буынның спортпен шұғылдануына, бұқаралық спорттың дамуына жағдай жасауды «AMANAT» партиясы айрықша назарында ұстайтынын жеткізді. Қазір мұнда инженерлік инфрақұрылым жүйелерін монтаждау жұмыстары аяқталып, спорттық инвентарлармен, қажетті жабдықтармен қамту, кешен айналасын абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Мердігер ұйымның басшылығы нысанның құрылысы бір-екі ай көлемінде толық аяқталатынына сенім білдірді.
Партия мен аудан басшылығы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша бой көтеріп жатқан үш қабатты 600 орындық мектептің құрылысын да қадағалады. Заманауи үлгідегі білім ордасын мердігер ұйым — «КДСМ» ЖШС-гі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырысы бойынша салып жатыр. Нысан биылғы тамыз айында толық іске қосылуы қажет.
Осы санаттағы 300 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы Біртілек ауылдық округінде де басталып, пайдалануға тапсыру мерзімі жақындаған. Бұл нысанға да арнайы келген ресми өкілдер құрылыс барысын таразылап, атқарылған жұмыстардың сапасына баса мән берді. Тағы бір «Жайлы мектеп» Ақтөбе ауылдық округінде де бой көтеруде. Аталған үш мектептің құрылысы толық аяқталғанға дейін, облыстық партия филиалының жіті қадағалауында болады.
Мектеп құрылысы – әлеуметтік маңызы бар мәселе екені ескеріліп, құрылыс алаңына партиялық бақылау бекеттері қойылған. Құрылыс барысында кездесуі ықтимал түйткілдерді уақыт оздырмай тез шешім табуына ықпал ету, өндірістік кестенің сақталуын қоғам назарында ұстау, жұмыстың белсенді қарқында болуын қамту, сапаның қатаң сақталуын қадағалау мәселелерін партиялық бақылау комиссиясының өкілдері тұрақты назарында ұстап отыр. Аудан тұрғындары үшін үлкен сұранысқа ие бұл объектілердің уақтылы пайдалануға берілуін партия өкілдері тұрақты назарында ұстайтын болады. Алтынсары Дүйсенбекұлы Жол картасы аясында салынып жатқан нысандардың сапалы және дер кезінде ел игілігіне пайдалануға берілуі бойынша нақты тапсырмалар беріп, оларды қадағалауды жергілікті мәслихаттағы фракция депутаттары мен аумақтық партия филиалына жүктеді.
Аудан әкімдігі тарапынан аумақтық партия филиалының ғимаратын салу үшін аудан орталығынан арнайы жер бөлінген. Аудан әкімі облыстық партия филиалының төрағасына аталмыш жер телімін көрсетіп, құрылыс жұмыстарын бастау алдындағы жоспарларымен бөлісті. Алтынсары Үмбетәлиев партия ғимаратының жобасын, оның сәулеттік ерекшеліктері қандай болуы керектігін сала мамандарымен бірлесе қарастырып, талқылады.