Сайрам ауданында “AMANAT” партиясы Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен, “Бақытты отбасы” және “Кедергісіз келешек” партиялық жобалары аясында мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шара Сайрам аудандық мәслихатының депутаты, партия фракциясының мүшесі Бекзат Сайдрахимовтың қолдауымен “Тұран” дәмханасында өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Мерекелік басқосу — отбасы институтын нығайту, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу және олардың ата-аналарына моральдық-материалдық қолдау көрсету мақсатында өткізілді.
Іс-шараға Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмұрадов, Манкент ауылдық округінің әкімі Хикмат Ирисметов, ардагерлер мен ата-аналар, аудан тұрғындары және белсенді жастар қатысты. Жиынға қатысушылар балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара барысында ата-аналар мен балаларға кең дастархан жайылып, балалар үшін түрлі сый-сияпаттар таратылды, көңілді концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ән-күй мен ойын-сауыққа толы бағдарлама балалардың көңілін көтеріп, ата-аналарға қуаныш сыйлады.
Салтанатты жиында Сайрам аудандық мәслихатының депутаты Бекзат Сайдрахимовқа балаларға көрсеткен демеушілік қолдауы үшін “Отбасын қолдау орталығы” КММ атынан Алғыс хат табысталды. Сонымен қатар, ата-аналар, ақсақалдар және өзге де қатысушылар халық қалаулысына алғыстарын білдіріп, ақ баталарын беріп, қоғамға жасап жатқан игі істеріне табыс тіледі.
Бұл игі іс-шара — “AMANAT” партиясының әлеуметтік қолдауға бағытталған нақты істерінің жарқын көрінісі. Партия алдағы уақытта да әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыра береді.