Бүгін Шауғар секторында қалалық мәслихат депутаттары халықпен кезекті көшпелі кездесу өткізді. Ашық форматтағы жиында тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Түркістан қалалық филиалы хабарлады.
Кездесуді қалалық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Амантайұлы ашып, жүргізді.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Талғат Байжанұлы, қала әкімінің аппарат басшысы Қуаныш Нұржанұлы, қалалық мәслихат депутаттары Жәмила Төреханқызы мен Самат Әкімбекұлы, қатысты.
Көтерілген мәселелер қатарында иттерді аулау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, бейнебақылау камераларының жеткіліксіздігі, ветеринария қызметі мен әлеуметтік дүкендерге қатысты ұсыныстар бар.
Тұрғындардың сұрақтары мұқият тыңдалып, айтылған әрбір мәселенің назарға алынатыны және тиісті мекемелермен бірлесіп нақты жұмыстар атқарылатыны жеткізілді.
Мәслихат тұрғындармен кері байланысты басты назарда ұстайды. Осындай кездесулер халықтың пікірін ескеріп, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.