Бүгін аудандық мәдениет сарайында «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының кезектен тыс LVI (56) конференциясы өтті. Конференцияға бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, БАҚ, «Жастар рухы» жастар қанатының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мекеме басшылары, қоғам белсенділері, партия ардагерлері — Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арзықұл Бектібай Жақсыбайұлы, Отырар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Дайрабаев Нұржан Сабырұлы қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Отырар аудандық филиалы хабарлады.
Конференцияны партия филиалының атқарушы хатшысы Таңатаров Еркеғали Құралбекұлы жүргізіп, төрағалық етті.
Конференцияның күн тәртібіне 2 мәселе ұсынылды:
Оның біріншісі 2025 жылдың маусым айында өтетін Балтакөл ауылдық округі әкімінің сайлауына партия атынан ұсынылған кандидатты бекіту;
Екіншісі 2025 жылдың маусым айында өтетін Қарғалы ауылдық округі әкімінің сайлауына партия атынан ұсынылған кандидатты бекіту.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша үміткерлер сайлауалды бағдарламаларымен Конференция делегаттарын таныстырып, атқаратын жұмыстарына тоқталып өтті.
Жиынға қатысушылар үміткерлерге сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдірді.
Отырар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Дайрабаев Нұржан Сабырұлы кандидаттарға алдағы уақытта елді-мекендердегі өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, ел үмітін ақтайды деген сенімін білдірді.
Жиынға қатысқан делегаттардың дауыс қорытындысымен 2025 жылдың 29 маусым күні өтетін Балтакөл және Қарғалы ауыл округтері әкімдерінің сайлауына Ателов Сейтхан Айдарханұлы мен Жұмабек Еркеғали Жұмабекұлының кандидатуралары басым дауысқа ие болып, аумақтық сайлау комиссиясына партия атынан ұсынуға жіберілді.
Жиын соңында көпшілік дауыспен партия атынан сайлауға қатысатын үміткерлерге филиал басшысы бірқатар міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмыс жасауға шақырды.
Оның негізгісі ауылшаруашылық, ауыз су, ағын су, ортақ жайылым яғни жер салаларындағы мәселелер. Сондай-ақ, кандидаттардан сайлаушылардың қолдауларына ие болып, әкім сайланса барлық жұмыстарды, мәселелерді ашық түрде әлеуметтік желілерде жариялауды сұрады.
Партия мүшелерімен өткен жиынды қорытындылаған Еркеғали Құралбекұлы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, конференция соңында партия филиалының ұсынысымен облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасымен» ауданның мәдени-рухани саласының жетістікке жетуіне елеулі үлес қосып келе жатқан бірқатар азаматтарға марапат табысталды.
Облыстық мәслихат төрағасы Әбішев Нұралы Әлмаханұлының «Құрмет грамотасы» Отырар мемлекеттік археологиялық-қорық мұражайының директоры Жандосов Айбек Қыстаубайұлы мен Отырар ауданының мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Құттыбай Сағынтай Тәтібайұлына табысталды.