Бүгін “AMANAT” партиясының Түркістан қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бағдәулет Тұрманов және комиссия мүшелері Мәди Аманжол, Құлжабаев Бақытжан, филиал төрағасы Ғаппар Сарсенбаевтың жетекшілігімен Түркістан қаласының Сауран мөлтек ауданында орналасқан спорт нысанының құрылыс алаңына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен жан-жақты танысты. Бұл туралы “AMANAT” партиясының Түркістан қалалық филиалы хабарлады.
Мониторинг барысында комиссия өкілдері құрылыс жұмыстарының барысын көзбен көріп, оның сапасына, белгіленген мерзімде аяқталу барысына және құрылыс талаптарының сақталуына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, құрылыс алаңындағы еңбек жағдайлары, жұмысшылардың қауіпсіздігі, пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарының сапасы мен тиімділігі де бақылауға алынды.
Аталған спорт нысаны – болашақта қала тұрғындары мен жастардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ететін, әлеуметтік маңызы зор жоба. Осы ретте, “AMANAT” партиясы бұл құрылыс нысанын ерекше бақылауда ұстап, оның дер кезінде әрі сапалы аяқталуына қоғамдық бақылау арқылы үлес қосуды көздейді.
Бұл іс-шара — партия тарапынан халыққа берілген уәделердің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдардың бірі және ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған партиялық бақылау жүйесінің маңызды тетігі болып табылады.