Бүгін “AMANAT” партиясы Жетісай аудандық филиалының ұйымдастыруымен бастауыш партия ұйымдарының арасында ерекше форматтағы ауқымды интеллектуалды сайыс — “AMANAT AQYLMAN” өткізілді. Бұл білім додасы партия мүшелерінің зияткерлік әлеуетін арттыру, ішкі ұйымшылдықты нығайту, саяси белсенділік пен мәдени танымды көтеру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға “Жастар рухы” жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман, “AMANAT” партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров және партияластар қатысты. Сайысқа аудан аумағындағы түрлі бастауыш партия ұйымдарынан іріктелген 8 команда қатысты. Әрбір команда өз ұйымының атынан сынға түсіп, білім мен ұйымшылдықты паш етті. Қатысушыларға берілген сұрақтар Қазақстан тарихы, ұлттық құндылықтар, мәдениет, қазіргі саяси ахуал мен партияның қызметіне қатысты тақырыптарды қамтыды.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде сұрақтар біртіндеп күрделене түсіп, қатысушылардың терең білімін, логикалық ойлау қабілетін және командалық үйлесімділігін сынады. Жарыс барысында қатысушылар тек білімімен емес, өзара қолдаушылығы, жылдам реакциясы және тыңдай білу мәдениетімен де ерекшеленді. Жарысқа төрелік еткен қазылар алқасы әділ бағалау жүргізіп, командалардың дайындығы мен білім деңгейіне оң баға берді.
Сайыс қорытындысы бойынша “Ақыл арнасы” командасы (Қарақай бастауыш партия ұйымы) бірінші орынды иемденсе, “IQ Жетісай” командасы (Мырзашөл және Береке БПҰ) екінші орынды еншіледі. Үшінші жүлделі орын “Тапқыр team” командасына (Қазыбек би және Жаңа ауыл БПҰ) бұйырды. Жеңімпаз командаларға қаржылай сый-сияпат табысталды.
Қалған командалар да назардан тыс қалмай, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар үлестірілді. Бұл — олардың белсенділігіне, білімге деген ынтасына және партияның бастамаларына көрсеткен қолдауына берілген құрмет болды.
“AMANAT AQYLMAN” — зияткерлік сайыс қана емес, сонымен қатар бастауыш партия ұйымдарының арасындағы ынтымақтастықты арттырып, ұйым мүшелерінің өзара тәжірибе алмасуына, қоғамдық мәселелерді тереңірек түсінуіне мүмкіндік берген мазмұнды алаң болды.