КЕНШІЛЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ – ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДА

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыруға арналаған «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясының аясында Түркістан облысы, Кентау қаласындағы әріптестеріміз көпқабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру жұмыстарын атқарды. Бұл бастаманы атқаруға партияның Кентау қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Арман Басаров ұйытқы болды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Акция асында партия өкілдері бастауыш ұйым белсенділерімен және  «Жасыл қала» мекемесінің қызметкерлерімен бірлесе балалар ойын алаңшаларын сырлады, ауланы тазартып, қураған ағаш бұталарын кесті, ағаш түптерін қопсытып, әктеді. Қоғам болып жұмылған іске тұрғындар мен балалар да үлес қосып, қаланың ажарлы келбетін қалыптастыру – баршаға ортақ ізгілікті іс екенін көрсетті. Ортақ мақсатқа жұмылған тұрғындардың ынтымағы жарасқан бастамасына куә болған қаланың байырғы тұрғыны, 80 жасқа келген Зухра Каюмова әжей «AMANAT» партиясына қала тұрғындарының атынан ризашылығы білдіріп, қала тынысына бейжай қарамайтын жанашыр азаматтарға алғысын жаудырды, ізгілікті бастамаға ақ батасын берді.

— Қаратау тәжіне баланған, кеншілер қаласы болып табылатын Кентаудың дамуы партиямыздың ерекше бақылауына алынған. Партияның Сайлауалды бағдарламасы шеңберінде стратегиялық нысан — №5 Жылуэнергоорталығы ауқымды жаңартудан өтуде. Биыл осы орталықтың ішкі орамдық жылу жүйелерін қайта құру жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстары аяқталған аулалардың тазалығын қамтуға баса мән беріп отырмыз. Бүгін Әл-Фараби көшесі №98 көпқабатты тұрғын үй ауласында абаттандыру жұмыстарын атқардық. Тұрғындар бастамамызға қолдау білдіріп, алғыстарын айтуда, — дейді Арман Амангелдіұлы.

Партия өкілдері апта сайын әр бейсенбіде елді мекендерде, көпшілік жүретін күре жолдардың бойында, демалыс аймақтарында қоғамды ізгілікке шақыратын бастаманы тұрақты негізде жалғастыра беретін болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды