«AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалы мен орталық кітапхананың ұйымдастыруымен 15 маусым — әкелер күніне арналған «Әке — отбасы тірегі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Кентау қалалық филиалы хабарлады.
Іс-шараның мақсаты — отбасындағы әкенің рөлін насихаттап, жас ұрпақтың тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелерді ортаға салу болды.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Амангелдіұлы Басаров, Кентау қалалық «Руханият орталығы» КММ-нің инспекторы Бейсен Самбетов, жергілікті, талантты ақын-жазушы, «Қала жанашыры» төсбелгісінің иегері Мұхит Мақажанов және «Ардагерлер кеңесінің» еңбек ардагерлері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Шара барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, әкелер мен ақсақалдар өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, отбасындағы әке қамқорлығы, оның бала тәрбиесіндегі орны, жауапкершілігі жайлы жан-жақты пікірлер айтылып, нақты мысалдар келтірілді.
Сонымен қатар, қазіргі қоғамда жиі кездесетін жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жайттарға да назар аударылып, интернет пен әлеуметтік желілерді зиянды әсері туралы ой-пікірлер ортаға салынды.
Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер көпшілікке ой салып, отбасы құндылықтарын нығайту жолында атқарылатын жұмыстарға бағыт-бағдар бергендей болды.