КҮРДЕЛІ СИПАТТАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

«AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының жұмыс жоспарына сәйкес, халықпен тікелей әрі ашық диалог орнату мақсатында Ә. Оспанов елді мекенінде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қабылдауға «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы, Жетісай аудандық мәслихат депутаты Асқар Қайназаров, аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш және тұрғындар сұранысына тікелей жауапты ауыз су, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, әлеуметтік қорғау және басқа да сала басшылары қатысты.

Көшпелі қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – ауыл тұрғындарының көтеріп отырған өзекті мәселелерін көзбе-көз тыңдап, жауапты мамандардың қатысуымен нақты шешу жолдарын қарастыру. Тұрғындар тарапынан негізінен ауыз су, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік көмектерге қатысты сұрақтар көтерілді.

Әрбір мәселе жеке қаралып, кейбір өтініштер сол жерде шешімін тапты. Ал күрделі сипаттағы мәселелер бақылауға алынып, заң шеңберінде қаралатын болды. Қабылдауға келген азаматтар өз ой-пікірлерін ашық айтып, ұсыныс-тілектерін де жеткізді.

Мұндай іс-шаралар «AMANAT» партиясы мен жергілікті биліктің халықпен тікелей әрі тұрақты байланыс орнатуға деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл – ел ішіндегі түйткілдерді жергілікті жерде шұғыл әрі тиімді шешуге мүмкіндік беретін тиімді алаң.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды