ӨҢІРЛЕРДІҢ ТЕҢ ДАМУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАСТЫ НАЗАРДА ТҰР

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы — еліміздегі үш ауысымды, апатты және ескі мектептер мәселесін шешуге бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба аясында тек мектеп салу ғана емес, сонымен қатар ауыл мен қала мектептері арасындағы сапалық алшақтықты азайту көзделген. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылында осы жобаның аясында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс алаңында мердігер мекеме — «Жаңа Арна Құрылыс» ЖШС жұмыс жасауда. Жобаның тапсырыс берушісі — «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Өндірістік жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілуі көзделіп отыр.

Төлеби аудандық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бердіғали Өмірәлі нысан басына арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. Депутат мердігер өкілдеріне сапа мен мерзімді басты назарда ұстау қажеттігін ескертіп, бұл бағыттағы қоғамдық бақылау тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басты бағыттардың бірі — әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Аталған нысан құрылысы да «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында бекітілген Жол картасының басым бағыттарының бірі болып табылады. Партияның стратегиялық құжаттарында ел тұрғындарының өмір сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлердің тең дамуын қамтамасыз ету басты назарда тұр.

Жол картасы аясында білім беру саласына ерекше басымдық берілген. Соның ішінде, апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін жүйелі шешу, ауылдық жерлердегі білім беру жағдайын жақсарту арқылы қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту көзделеді. «Жайлы мектеп» жобасы осы міндеттердің нақты іске асырылуының айқын көрінісі.

Аталған жобаның іске асырылуы «AMANAT» партиясының халық алдындағы берген уәделерінің орындалып жатқанын және партия қызметінің нақты нәтижелерге бағытталғанын көрсетеді. Барлық құрылыс жұмыстары партия фракциясы мен жергілікті мәслихат депутаттарының тікелей бақылауында.

Сонымен қатар, Бердіғали Өмірәлі Көксәйек ауылында салынып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылысымен де танысты. Құрылыс жұмыстарын «Корпорация Алем Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүргізілуде және кешеннің қыркүйек айында пайдалануға берілуі жоспарлануда. Бұл спорттық нысан ауыл жастарының дене шынықтырумен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына оң ықпал ететіні сөзсіз. Мұндай жүйелі қадағалау нысандардың сапалы әрі уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды