ХАЛЫҚПЕН ТІКЕЛЕЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН МЕКЕМЕ ӨКІЛДЕРІ ҚОЛДАН КЕЛГЕН КӨМЕКТІ КӨРСЕТЕДІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезекті мобильді қоғамдық қабылдауы бүгін Мақтаарал ауданында ұйымдастырылды. Қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталған қабылдау алдымен Мырзакент кентіндегі «Жастар ресурстық орталығында», кейін Жамбыл ауылдық округіне қарасты Кеңесшіл ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Көшпелі қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыстық мәслихаттағы аманаттық депутат Жарқынбек Қанаев, аудандық мәслихат төрағасы Қәдір Сәрсекбаев, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов және бірқатар мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Қоғамдық қабылдауды ашқан Полат Тұрсынбаев шалғай елді мекендерде көшпелі форматта қабылдау өткізудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда мұндай қоғамдық диалог алаңдарының рөлі зор.

– Бұл «AMANAT» партиясының басты ұстанымдарының бірі. Қабылдау барысында әр азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, оларды шешу жолдарын бірге іздеу – біздің жауапкершілігіміз. Облыстық деңгейдегі құзырлы органдар мен халықпен тікелей жұмыс істейтін мекемелердің өкілдері ел ішіндегі күрделі сұрақтарға нақты жауап беріп, қолдан келген көмекті көрсетеді, – деді ол.

Қабылдауға облыстық басқармалар, құқық қорғау органдары мен халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың жауапты мамандары арнайы келіп, тұрғындармен жеке кездесті. Олардың қатарында, облыстық полиция департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, әділет және төтенше жағдайлар департаменттері, аудан прокуроры, нотариус, адвокаттар алқасы, жеке сот орындаушылар, медиаторлар, заңгерлер және жер қатынастары, энергетика, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, спорт, жол құрылысы, экология, цифрландыру, кәсіпкерлік, архив және мемлекеттік қызмет көрсету, тағы басқа облыстық құрылымдар өкілдері тұрғындар сауалдарына жауап берді.

Қоғамдық қабылдау барысында заңгерлік көмек, әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылым, интернет байланысының сапасы, жер телімдері мен жол жөндеу сынды көптеген мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, отбасылық жанжал, денсаулық сақтау мен білім саласына қатысты сұрақтар да назардан тыс қалмады.

Келіп түскен барлық өтініштер тіркеуге алынып, заң аясында тиісті органдармен бірлесіп шешім қабылданады. Кейбір өтініштер бойынша нақты шешім сол жерде қабылданып, азаматтарға құқықтық кеңес берілді. Ал күрделі мәселелер халық қалаулыларының жеке бақылауына алынды.

Осындай мобильді қабылдаулар партия мен халық арасындағы сенімді байланыс пен нақты шешімдер алаңы екенін уақыт дәлелдеп отыр. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды