«AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, тұрғындардың талап-тілегін назарға алып, мәселелерін жедел әрі тиімді шешу мақсатында Алғабас елді мекенінде мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылдауға «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы, Жетісай аудандық мәслихат депутаты Асқар Қайназаров, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыз су, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау сияқты маңызды салалардың жауапты мамандары мен бөлім басшылары қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – шалғайдағы ауыл тұрғындарына жақын барып, оларды толғандырып жүрген әлеуметтік, экономикалық және тұрмыстық мәселелерін тыңдап, жергілікті атқарушы билік пен жауапты органдардың бірлесіп нақты шешім қабылдауына жағдай жасау.
Қабылдау барысында азаматтар ауыз су тапшылығы, ішкі жолдардың жағдайы, жарықтандыру, егістік жерлерді суландыру, жұмыссыздық және әлеуметтік көмектерге қатысты өз өтініштері мен сұрақтарын қойды. Тұрғындардың көтерген мәселелері мұқият тыңдалып, жауапты мамандар тарапынан әрқайсысына жеке-жеке түсіндірме берілді. Кейбір мәселелер сол жерде шешіліп, нақты тапсырмалар жедел орындалуға берілді. Ал күрделі, ұзақ мерзімді шешімді қажет ететін өтініштер бақылауға алынып, тиісті органдарға жолданды. Сондай-ақ ауыз су бойынша тұрғындар тарапынан айтылған арыз ескеріле отырып, Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі және “Жетісай су” коммуналдық мемлекеттік мекемесіне хат жолданып, нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұл қабылдау барысында жергілікті тұрғындардың белсенділігі ерекше байқалды. Ауыл азаматтары қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай, өз ой-пікірлерін ашық білдіріп, ұсыныстарын да жеткізді. Өз кезегінде, бұл партия мен жергілікті билік арасындағы өзара сенімнің нығайып келе жатқанын көрсетті.
«AMANAT» партиясы әрбір азаматтың мәселесін назардан тыс қалдырмай, халықпен тікелей жүздесіп, ел ішінде қордаланған проблемаларды шешуге әрдайым дайын. Мұндай қоғамдық қабылдаулар партияның тек сайлауалды емес, күнделікті нақты істер арқылы халық мүддесін көздейтінін айғақтайды.
Жетісай ауданына қарасты барлық елді мекендерде осындай мобильді қабылдаулар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Партияның басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты істермен айналысу.
Халықпен тұрақты кері байланыс орнату – біздің ортақ міндетіміз.