Депутат – билік пен халықтың ортасын байланыстырып, бұқараның базынасын бірінші орында ұстайтын ықпалдастық көпірі. Оның бойындағы білімі мен тәжірибесі, іскерлігі елдің игілігіне арналуы тиіс. Атқарған істері мен алдағы жоспарларынан сайлаушылары хабардар болғанда ғана ортада берік сенім орнайды.
Бүгін Жетісай қаласынан аудандық мәслихатқа сайланған Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Асқар Қайназаров, Әділхан Асауов пен Жантөре Нармұхамедов, Қаршыға Ақтөреева мен Эльмира Темірбаева сайлаушыларымен кездесіп, жыл басынан бері атқарған жұмыстарының есебін берді. Алдағы жоспарларымен таныстырып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалы хабарлады.
Қаладан сайланған депутаттардың бастамасымен есепті кезеңде бюджет есебінен қаладағы 19 көшеге орташа жөндеу, 14 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 1 көше қазынадан, 33 көше депутаттар мен кәсіпкерлердің, қала тұрғындарының демеушілігімен жарықтандырылған.
Одан бөлек, 11 көшеге электр бағаналары мен трансформаторлар орнату жұмыстары жүріп жатыр. Көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларына жеткілікті мөлшерде электр қуатын жеткізіп беру мақсатында 4 трансформатор орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін қала аумағында Workout үлгісінде 5 спорт алаңшасы пайдалануға берілсе, алдағы уақытта тағы 10 алаңша іске қосылады деп жоспарлануда.Партиялық жобаларға да қысқаша тоқталып, партия жұмыстары туралы баяндама оқылды.
Осы және өзге де күрмеуі қиын мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырған халық қалаулылары сайлаушылардың ауыз су, жол салу, жарықтандыру, әлеуметтік сала, тұрақты жұмысқа орналасу, қылмыс пен құқықбұшылықтың алдын алу жайындағы сұрақтарына жауап берді.
Атқарылған жұмыстар мен атқарылар істерімізге оң баға берген ақсақалдар қала тұрғындарын санитарлық тазалықты қатаң сақтауға, көгалдандыру мен көріктендіруге атсалысуға шақырды.