Бүгін Қызылқия ауылында «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандық мәслихат депутаты Абзал Маратұлы Ибраимовтың сайлаушылармен кездесуі өтті. Жиынға аудандық филиал төрағасы Исақұлов Есімхан Ешенқұлұлы, Қызылқия БПҰ төрайымы Ақынғазиева Айгүл Күзенбайқызы және ауыл тұрғындары қатысып, депутаттың есебін тыңдады. Бұл кездесулер халықпен тікелей байланыс орнатудың және олардың мәселелерін тыңдаудың тиімді алаңы болып табылады. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Қазығұрт аудандық филиалы хабарлады.
Депутат Абзал Ибраимов «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Ол табысты арттыру, өмір сапасын жақсарту, тұрмыс жағдайларын жақсарту және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша басым бағыттарды қамтыды. Әсіресе, 567 жаңа жұмыс орнын ашу, 70-тен астам жұмыссыз азаматты әлеуметтік жұмыс орындарына жолдау және 60-тан астам жас маманды жастар практикасына тарту секілді нақты көрсеткіштер келтірді.
Кездесуде жергілікті тұрғындарды толғандырған ауыз су құбырларын жөндеу (Қызылқия, Айнатас, Атажұрт) және жолдарды орташа жөндеу (Айнатас, Қызылқия) мәселелері көтеріліп, олар бойынша депутаттық сауалдар жолданғаны айтылды. «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» сияқты партиялық жобалары аясында да белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз халықтың әрбір мәселесіне бей-жай қарамаймыз және оларды шешу жолында қажырлы еңбек етеміз.