Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Жетісай ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Шара Жетісай қаласындағы «Б. Саттарханов» атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған халық ерекше белсенділікпен қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Жиналған тұрғындардың қарасы көп болды, бұл халықтың әлеуметтік мәселелерге бей-жай қарамайтынын және мұндай қабылдаулардың қажеттілігін айғақтайды.
Аталған қоғамдық қабылдау партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында өтті. Қабылдауға Түркістан облысы мен Жетісай ауданына қарасты бірқатар мекемелердің өкілдері тартылды. Атап айтқанда, облыстық және жергілікті прокуратура, экология, ауыл шаруашылығы, ветеринария, табиғатты қорғау салалары, полиция, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби заңгерлер, адвокаттар мен нотариустар, банк өкілдері, салық саласының мамандары және жеке сот орындаушылары қатысты. Қабылдауды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев өзі бастап келді.
Іс-шараға сондай-ақ облыстық мәслихаттың Жетісай ауданынан сайланған депутаттары Ербол Ералиев пен Талғат Қаржауов, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихаттың төрағасы Медет Қасымов және жергілікті мәслихат депутаттары қатысты. Олар да халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, өз деңгейінде көмек көрсетуге тырысты.
Қоғамдық қабылдаудың ашылуында сөз сөйлеген партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев мұндай көшпелі қабылдаулардың маңыздылығына ерекше тоқталып, бұл партия жобасының басты мақсаты – халық пен билік арасындағы алтын көпір орнату екенін атап өтті.
– Бүгінде халық шағымын айту үшін облыс орталығына барып әуре болмайды. Қажетті салалар бойынша мамандардың бәрі осында келіп, тікелей қабылдау өткізеді. Бұл партия тарапынан қолға алынған тың әрі тиімді тәсіл. Осынау қабылдаулардың нәтижесінде халықтың өтініштері мен ұсыныстары тікелей құзырлы органдарға жеткізіліп, жедел шешімдер қабылданып келеді. Бұрындары қабылдауға кіре алмай жүрген басқарма басшылары мен жауапты мамандардың бәрі осында, елдің алдында. Біз ашықтық пен әділдік қағидатын ұстанамыз, – деді филиал төрағасы.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар тарапынан түрлі әлеуметтік және құқықтық мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, инфрақұрылым мен көшелерді асфальттау, жер телімдері мен иелік мәселелері, салық саласына қатысты сұрақтар, банк есепшоттарына қойылған шектеулерді алып тастау, жеке сот орындаушылардың қызметақысын қысқарту, балалардың атынан жүріп жатқан атқару істері бойынша заңгерлік кеңес сұрау сияқты мәселелер жиі айтылды. Бұл – халықтың нақты көмекке зәру екенін, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыру қажеттілігін көрсетеді.
Түстен кейін қоғамдық қабылдау Қарақай ауылдық округіне қарасты Қаныш Сәтбаев елді мекенінде жалғасты. Мұндағы қабылдау «Қ. Сәтбаев» атындағы мәдениет үйінде өтті. Бұл жерде де ауыл тұрғындары белсенділік танытып, көкейіндегі түрлі мәселелерін жеткізді. Мамандар әрбір өтініш бойынша кеңес беріп, нақты шешім жолдарын көрсетті.
Осындай көшпелі қабылдаулар халықтың өзекті мәселелерін жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік беріп отыр. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да бұл бастаманы тұрақты түрде жалғастыра отырып, елмен тығыз қарым-қатынас орнатуды мақсат етеді. Бұл – партияның қоғам алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі.