1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түлкібас ауданында ерекше балаларға арналған игі шара ұйымдастырылды. «Бақытты балалар – бейбіт елдің ертеңі» атты мерекелік іс-шара аудандық мүгедек балаларды оңалту орталығындағы балалардың қатысуымен өтті. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек, «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов қатысып, балаларды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ мерекелік шараға білім және әлеуметтік сала мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері мен ата-аналар қатысты. Балғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аниматорлар, ертегі кейіпкерлері мен өнерпаздар балалармен бірге түрлі ойындар ойнап, ән мен биден шашу шашты.
Жиын соңында балаларға тәтті сыйлықтар мен ойыншықтар тарту етілді. Іс-шара барысында сөз сөйлеген ұйымдастырушылар мен ата-аналар ерекше күтімді қажет ететін балаларға деген қамқорлық пен қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Мерекелік күн балалардың жүзінде шаттық сыйлап, олардың қоғамнан тыс қалмай, толыққанды өмір сүруге құқы бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бүгінде, ауданымызда 700 астам ерекше зәрулігі бар балаларымыз бар.
Соның ішінде, 127-і оңалту орталықтарында, 203 бала үй жағдайында қызмет алуда.
Бұдан бөлек, әр балаға қажеттілігіне қарай, мемлекеттен қаржылай көмек пен арнайы құрылғылар бөлініп келеді.