БАЛАЛАР ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Экологиялық саясат – «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасындағы басым бағыттардың бірі. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыру – партия қызметінің басты бағыттарының қатарында. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай еліміздің жаңару мен дамудағы тірегіне айналған «AMANAT» партиясы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асыруды қолға алды. Атап айтқанда, партия тарапынан кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі форматтағы экологиялық бастамалар жүзеге асырылуда.
Экология – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Табиғатты қорғау, жас ұрпақтың бойына экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті сіңіру – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының Отырар аудандық филиалының бастамасымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, спорт және дене шынықтыру бөлімі және балалар мен жасөспірімдер орталығының бірлесуімен «Жасыл желек» атты балалар сурет байқауы өткізілді.
Аталған іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасын қолдау аясында ұйымдастырылып, жас жеткіншектерді табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу, қоршаған ортаны қорғау тақырыбына деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілді. Байқау арқылы балалар өздерінің қиял-ойларын, табиғатқа деген махаббатын бейнелеу өнері арқылы жеткізіп, қоғамды тазалық пен қоршаған ортаға қамқорлық танытуға үндеді.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров, белгілі суретші Әділхан Мәлік, балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Алтын Куанышбаева қатысып, жас суретшілердің туындыларына әділ бағаларын берді. Қазылар алқасы балалардың шығармашылық көзқарасына, тақырыпты ашу шеберлігіне және көркемдік тәсілдеріне ерекше мән берді.
Байқау барысында балалар өз туындылары арқылы тек табиғат сұлулығын ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы өзекті экологиялық мәселелерді – қоқыс қалдықтары, су көздерінің ластануы, орман алқаптарын сақтау сияқты тақырыптарды көтеріп, суреттері арқылы терең ой тастады.
Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс білдіріліп, жүлделі орындарға ие болған жас суретшілер Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байқау нәтижесінде, 1-орын – Шапағат Мұхамедәліге, 2-орын – Айжұлдыз Қайратқызына бұрып, 3-орынға Айару Әбдіхайым ие болды. Қалған қатысушылар да ынталандыру сыйлықтарымен марапатталып, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.
«Жасыл желек» байқауы – жас ұрпақтың бойында табиғатты қорғау сезімін қалыптастыруға, оларды шығармашылыққа баулуға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған маңызды іс-шара болды. Мұндай тәрбиелік маңызы зор жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды