Бүгін ауданға қарасты Ш.Қалдаяқов атындағы Ақсукент ауылдық клубында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» тақырыбындағы мерекелік іс-шара өтті. Бұл туралы “AMANAT” партиясының Сайрам аудандық филиалы хабарлады.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Дүйсебаев Сержан Дауылбайұлы барша балаларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.
– Сіздер оқу жылын табысты аяқтап, жазғы демалысқа шықтыңыздар. Алда шуақты жаз, қызықты демалыс кезеңі күтіп тұр. Бұл уақытты тиімді пайдаланып, келесі оқу жылына тың серпінмен, көтеріңкі көңіл-күймен оралуға тілектеспін, – деді.
Бағдарлама аясында «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қ.Сыздықов, «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің Консультациялар беру және кешенді сүйемелдеу бөлімшесінің меңгерушісі Ғ.Медеуов, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ф.Оспанова сөз сөйлеп, балаларға жүрекжарды тілектерін арнады.
Өз сөздерінде бұл күннің балалар үшін тек мереке ғана емес, сонымен қатар олардың құқықтарын қорғау мен амандығына қоғам назарын аудартатын маңызды күн екенін атап өтті.
– Сіздер – біздің ең қымбат байлығымыз, болашағымыз бен үмітімізсіздер. Әрдайым білімге құштар, ізетті де елжанды азамат болып өсіңіздер, – деді Фарида Алматқызы.
Мерекеге қатысқан балаларға естелік сыйлықтар мен аудандық білім бөлімінің бағынысындағы №1 Оқушылар үйінің жазғы сауықтыру лагеріне жолдамалар табысталды.
Шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен жас таланттардың концерттік бағдарламасына ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалық шаққа арналған әндер шырқалып, заманауи билер орындалып, шара ерекше әсермен аяқталды.