БАЛА – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Жаздың алғашқы күні – 1 маусым бүкіл әлемде балалардың шаттығына, олардың құқықтары мен бақытты балалық шағына арналатын маңызды күн. Осы айтулы мерекеге орай Иассы ауылдық округінде ерекше іс-шара ұйымдастырылып, балаларға қуаныш сыйланды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Иассы ауылдық округінің сайлау учаскесінен сайланған аудандық мәслихат депутаты Боханов Сұлтанбай Серікбайұлы халық аманатын орындап, округке қарасты Иассы, Қосқорған және Бершінтөбе ауылдарының бүлдіршіндеріне арнайы мерекелік сыйлықтар тарту етті. Балалардың әрқайсысына жеке көңіл бөлініп, олардың қуанышы мен шат күлкісі баршаға үлкен әсер сыйлады.

– Бала – елдің болашағы. Олардың бақытты, білімді, тәрбиелі болып өсуі – біздің барша қоғамның, ел болашағының кепілі. Осындай айтулы мерекеде әр баланың жүзінен қуаныш көріп, жүректеріне мейірім сыйлау – әрбір ересектің парызы, – деді халық қалаулысы өз құттықтауында.

Бұл ізгі бастаманы жүзеге асыруға партия белсендісі Асылхан Керимбаев мырза белсене атсалысып, әр баланың үйіне жеке кіріп, депутаттың сәлемі мен сыйын табыстады. Ата-аналар мен ауыл тұрғындары жылы лебіздерін білдіріп, Асылхан мырзаның бұл еңбегіне жоғары баға берді.

Балаларға қуаныш сыйлау – бұл тек материалдық емес, рухани қолдау көрсету. Сол себепті де бұл іс-шараның мәні мен маңызы зор. Әр бала үшін мұндай мейірім мен қамқорлық ұмытылмас естелікке айналатыны сөзсіз.

Қымбатты балалар! Баршаңызға шаттық пен денсаулық, ашық аспан мен армандардың орындалуын тілейміз. Жүздеріңнен күлкі кетпесін, жүректерің тек жақсылық пен махаббатқа толы болсын!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды