АУЫЛ – БІЗДІҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ!

ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ!

Еліміз бойынша бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауданымызда да тазалықты сақтау және қоршаған ортаны жақсарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.

Жаздың жайдарлы күндері – еңбек пен берекенің, табиғаттың көркеюінің кезеңі. Осы орайда, ауылымызда күл-қоқыстан тазарту, абаттандыру және көгалдандыру мақсатындағы сенбілік жұмыстары жалғасуда. Өткен жұма мен сенбі күндері өткізілген жалпы ауылдық сенбілік – осы игі істің бастамасы ғана.

Баршаңызды өз аулаңызды, көшелеріңізді, қоғамдық орындарды ретке келтіруге, ағаш отырғызып, қоқыс-қалдықтарды шығарып, ағаш түптерін әктеуге, туған ауылымыздың көркеюіне бір кісідей үлес қосуға шақырамын.

Ауыл тазалығы – әрбір тұрғынның өз ауласынан басталады.

Алайда, кейбір үйлер мен маңайда тазалыққа салғырт қарау, қоқысты қалай болса солай тастау сияқты келеңсіз жағдайлар да кездесуде. Бұл – тек жеке үйдің емес, бүкіл ауылдың келбетіне көлеңке түсіретін мәселе.

Мұндай тәртіп бұзушылықтардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта учаскелік полиция өкілдерімен бірлесіп тиісті шаралар қолданылатын болады.

Ауыл – біздің ортақ үйіміз. Оны таза, көрікті, жайлы ету – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

«Тазалық – денсаулық кепілі» деген ұлағатты сөзді ту етіп, барлығымыз туған жеріміздің гүлденуіне үлес қосайық!

Туған жерге – таза жүрекпен, таза ниетпен!

Ізгі тілекпен,

Қарлығаш Нышанбайқызы ЖАМИЕВА,

Созақ аудандық мәслихаттың депутаты,

«AMANAT» партиясы Созақ аудандық мәслихаты фракциясының мүшесі.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды