Қақпақ бастауыш партия ұйымының (БПҰ) төрағасы Сарсенбаев Мәлік Қалтайұлының атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдау бойынша кезекті жиналыс болып өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Қазығұрт аудандық филиалы хабарлады.
Жиналысқа «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Исақұлов Есімхан Ешенқұлұлы, Қақпақ БПҰ төрағасы Сарсенбаев Мәлік Қалтайұлы, топтық ұйым басшылары және партия мүшелері қатысты.
Жиналыс барысында «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Есімхан Ешенқұлұлы БПҰ-ның негізгі мақсаттары мен міндеттерін атап өтті. Оларға партияның жарғылық мақсаттары мен бағдарламалық құжаттарын халық арасында түсіндіру, партия мүшелері мен жоғары тұрған партия құрылымдары арасында тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету, жақтастарды тарту, қоғамдық пікір лидерлерін анықтау, жергілікті халықтың проблемалары туралы жоғары тұрған партия құрылымдарын ақпараттандыру және сайлау науқандарында кандидаттар ұсыну сияқты жұмыстар кіреді.
Қақпақ БПҰ төрағасы Сарсенбаев Мәлік Қалтайұлы өз есебінде ұйымның жұмыстарына тоқталды. Қақпақ бастауыш партия ұйымында 9 партиялық ұйымда 325 партия мүшесі бар. Сапалық құрамы бойынша әйелдер 62.2%, ер кісілер 37.8% құрайды. Мүшелер арасында 21 зейнеткер, 9 мүмкіндігі шектеулі азамат, 4 жұмыссыз, 23 бала күтіміндегі және 268 жұмыс істейтін азаматтар бар. Жыл басынан бері партия қатарына 15 жаңа мүше қабылданған. Партия мүшелік жарнасы жоспары сәуір айында 103%-ға орындалса, мамыр айында 86.2%-ды құрады. Жыл басынан бері 4 рет БПҰ жиналысы өткізілген.
Партиялық жобалар аясында да елеулі жұмыстар атқарылған. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша өткен жылы 20-дан астам адам оқытылса, биылғы оқулар енді басталады. «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы өткізіліп, демеушілер есебінен 5 балаға мектеп құралдары алынып берілді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бойынша 4 іс-шара өткізіліп, Есімхан Ешенқұлұлы мен аудандық мәслихат депутаты Уалихан Сейдакпарұлының демеушілігімен қарттарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар табысталды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы скрининг жұмыстарының нәтижесінде Қақпақ ауылдық округі жобаға қатысушы ретінде таңдалып, 64 өтінім қабылданып, 43 жоба мақұлданып, 42 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Ұлттық мұра», «Tomiris», «Qaisar», «ТазаLike», «Жастарға жұмыс», «Менің елім менің тілім», «Құқықтық көмек» сияқты партиялық жобаларды насихаттау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл округінің өзекті мәселелері бойынша аудандық мәслихат депутаты Мамытбаев Уалихан Сейдакпарұлы мен ауыл әкімдігі бірлесіп жұмыстар атқаруда.