«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысын жалғастыруда. Осы мақсатта бүгін Сауран ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Даурхан Сеилбекұлы азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалы хабарлады.
Қабылдауға аудандық партия филиалының төрағасы Асылбеков Сағынбек Жақсыбекұлы, бөлім мамандары, ауыл тұрғындары қатысты. Қабылдауға келген ауыл тұрғыны Г.Расулова қазіргі таңда ақылы қоғамдық жұмыспен айналысатынын және отбасында жалғыз асыраушы екенін айтты. Өмірлік жолдасының денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз болып отырғанын жеткізіп, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) ала алмай жүргеніне шағымданды.
Азаматшаның өтінішін мұқият тыңдаған Даурхан Сейілбекұлы АӘК алу тәртібі бойынша толық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жолдасы М.Расуловтың мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға мүмкіндігі бар екенін, тиісті санатқа жататындығын ескеріп, келесі тоқсанда қажетті құжаттарын әзірлеп, тапсыруға кеңес берілді.
Қабылдауға келген А.Шотай көпбалалы ана ретінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу мәселесін көтерді. Ол 2023 жылы АӘК алғанын, алайда биылғы жылы бұл көмекті ала алмай жүргенін мәлімдеді.
Азаматшаның өтінішін тыңдаған Даурхан Сейілбекұлы атаулы әлеуметтік көмек әсіресе көпбалалы отбасыларға қарастырылуы тиіс екенін айтып, құжаттарының қайта қаралатынын және тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Қабылдауға келген М.Анарбай жақын арада кәсіпкерлік қызметті бастауды жоспарлап отырғанын, нақтырақ айтқанда, қоғамдық тамақтану бағытында асхана ашуды көздеп отырғанын жеткізді.
Қабылдау барысында азаматша жаңадан ашылатын нысанға мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандус орнату мәселесін көтеріп, оның талаптары мен нормативтік талаптарға сәйкестігі жөнінде түсіндірме беруді сұрады.
Қоғамдық қабылдау өткізген Даурхан Сеилбекұлы бұл бағытта заңнамамен бекітілген құрылыс және қолжетімді орта стандарттары негізінде тиісті талаптар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандарда мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау — заңнамалық міндет екені түсіндірілді.
Қабылдауға келген ауыл тұрғыны Р.Жакипова өз өтінішінде 3-топ мүгедектігі бар екенін және осы санат бойынша санаторлық-курорттық емделуге жолдама ала алмай жүргендігін жеткізді.
Азаматшаның айтуынша, жолдама алу үшін қажетті ИПР (жеке оңалту бағдарламасы) құжаты болмаған. Алайда, тиісті органдар бұл құжатты рәсімдеу барысында мүгедектік санатын тоқтатуы мүмкін екендігін айтып, өтінішін кері қайтарған.
Қабылдау барысында Р.Жакипованың өтініші назарға алынып, жағдай жан-жақты зерделеніп, тиісті сала мамандары арқылы заң аясында көмек көрсету жолдары қарастырылатындығы айтылды.