АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰРМЕТТЕУ ҰРПАҚ САНАСЫНА ТАҒЫЛЫМ СІҢІРЕДІ

«AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында Сауран ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, батагөй ақсақал Өтеген Баймолдаұлы Әшеновпен тағылымы мол кездесу өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Игілікті шараға партияның аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы, аудандық «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Бақыт Өсербайұлы және белсенді партияластардың бірі Әбдірахман Файзулла қатысты. Кездесу ақсақалдың шаңырағында жылы жүздесу форматында өтті.

Саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнап, талай ұрпаққа бағыт-бағдар берген Өтеген ақсақал – елдің рухани тірегі, көпке үлгі, сөзге тоқтайтын көнекөз қариялардың бірі. Жүздесу барысында ол өзінің өмір жолы мен ұстаздық қызметтегі бай тәжірибесін бөлісіп, жастарға ақ тілегін, батасын берді.

Ақсақалдың өнегелі әңгімесінен қатысушылар үлкен әсер алып, тәрбие мен тағылым, елдік пен бірлік, адалдық пен парасат жайлы терең ой түйді. Кездесуде ұлттық рух сыйлау мақсатында күй тартылып, әсем ән де жолданды. Іс-шара соңында Өтеген ақсақалға құрмет көрсетіліп, шынайы ризашылық білдірілді.

Бұл кездесудің басты мақсаты – елге еңбегі сіңген тұлғаларды ардақтап, олардың өмірлік жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету. Ардагерлерді құрметтеу ұлттың рухын көтеріп, ұрпақ санасына тағылым сіңіреді. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Өтеген Әшенов «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Батагөй қария» байқауынан жүлделі үшінші орынды, биыл Кентау қаласының 70 жылдығына орай болған облыстық «Батагөй қариялар» байқауынан 1-ші орынды иемденген.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды