АҒЫН СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев Жетісай ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды әлеуметтік мәселелерді назарға алды. Сапар барысында халықпен кездесу, өзекті инфрақұрылымдық нысандарды аралау және ағын су тапшылығын шешу жолдарын талқылау басты бағыт болды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Іссапар аясында Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық диалог алаңына аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, партия филиалының төрағасы Асқар Қайназаров және салалық бөлім басшылары қатысты. Қабылдауға келген тұрғындар негізінен ағын су тапшылығы, трансшекаралық су мәселелері, Жетісай қаласының кәріз жүйесінің жағдайы, дәрігерлік амбулаториялық пункттер құрылысы бойынша өтініштерін білдірді.

Темір Базарбайұлы әрбір тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, жекелеген сұрақтар бойынша нақты жауаптар берді. Кейбір күрделі мәселелердің шешімін зерделеу қажеттігін айтып, оларды тиісті мемлекеттік органдар мен парламенттік деңгейде көтеруге уәде берді.

Депутаттың сапарындағы келесі бағыт Асықата кентінде салынып жатқан заманауи теннис орталығының құрылыс барысымен танысу болды. «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен бой көтеріп жатқан орталықтың жалпы құны 1 млрд. теңге. Жоба аумағы – 1 гектар. Нысан толық іске қосылғанда бір мезетте 200-ге жуық адам спортпен шұғылдана алады. Мұнда 9 теннис үстелі бар зал, 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары бар жаттығу залы және ерлерге, әйелдерге арналған 15 орындық жатын бөлмелері бар әкімшілік блок қарастырылған. Аталған кешен биыл пайдалануға берілмек. Бұл Жетісай ауданында алғаш рет бой көтеріп отырған спорттық-инфрақұрылымдық нысан ретінде өңір жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бермек.

Жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты Тәуелсіздікке 20 жыл атындағы машиналық әдіспен су көтеру каналында болып, ағын су тапшылығы мәселесін көзбен көріп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сала мамандары мен шаруалармен пікір алмасу кезінде егістік алқаптарына су жетпеуі басты тақырыпқа айналды. Жергілікті тұрғындар мен диқан қауымының айтуынша, «Достық» магистральды каналынан келетін судың көлемі жыл санап азайып, өңір егіншілігіне қауіп төндіруде. Бұған су тарататын ішкі каналдардың тозуы, су инфрақұрылымының жаңғыртылмауы, ағын судың буланып немесе жерге сіңіп кетуі себеп болуда.

Бұл мәселе Жетісай ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімділігіне тікелей әсер етіп отырғаны айтылды. Депутат Темір Қырықбаев бұл жағдайды Парламент деңгейінде көтеріп, жауапты министрліктер мен мекемелерге сауал жолдайтынын, сондай-ақ салааралық сараптама негізінде нақты ұсыныстар әзірленетінін жеткізді.

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың Жетісай ауданына сапары тұрғындармен тікелей диалог құру, инфрақұрылымдық жобаларға мониторинг жасау, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өңірдің су ресурстары мәселесіне нақты көңіл бөлуімен ерекшеленді. «AMANAT» партиясының сайлауалды міндеттеріне сай халықтың әл-ауқатын арттыру, ауыл инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік жобалардың орындалуын қамтамасыз ету – осындай сапарлардың басты нәтижесі болмақ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды