2026 ЖЫЛЫ ТОЛЫҚТАЙ КӨГІЛДІР ОТЫН БЕРУ ЖОСПАРЛАНҒАН

«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі бекітілген жоспарға сәйкес өз жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Бүгін «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Асылбеков Сағынбек Жақсыбекұлы, Сауран аудандық мәслихатының депутаты Жусупов Абдурашид Абдуллаұлы Шорнақ ауылының тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдады. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалы хабарлады.

Қабылдау барысында Шорнақ ауылының тұрғыны Р.Ибашова аудан орталығы саналатын Шорнақ ауылына көгілдір отынның қашан жеткізілетіндігі жөнінде сұрақ қойды. Өз кезегінде халық қалаулылары бұл мәселе «AMANAT» партиясының бақылауында тұрғанын атап өтіп, қазіргі таңда аудан бойынша 10 елді мекенге табиғи газ қосылғанын атап өтті. Олар Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстан 30 жылдығы, Ескі Иқан, Бершінтөбе, Ибата, Ойық. Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан нысандар: Қарашық, Жүйнек, Оранғай ауылдық округі. Ал Аша елді мекені, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендерінде газ тарту жұмыстары 2025 жылы басталып, 2026 жылы толықтай қолданысқа берілуі жоспарланғанын жеткізді. Ағымдағы жылы, Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне баратын жеткізуші магистральды газ құбыры жүйесінің құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленетіндігін жеткізді.

Қоғамдық қабылдауға келген Иассы ауылының тұрғыны Д.Тобақабылов кішкентай қызының денсаулығына байланысты мүгедектік рәсімдеу мәселесінде қиындықтарға тап болғанын айтып, шағымын жеткізді.

Азаматтың айтуынша, тиісті медициналық қорытынды мен құжаттар болғанына қарамастан, қызына мүгедектік тағайындау рәсімі созылып, бірнеше рет кері қайтарылған.

Қабылдау барысында өтініш берушіге мүгедектік рәсімдеудің заңды тәртібі мен талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұл мәселе бақылауға алынып, тиісті органдармен бірлесе шешу жолдары қарастырылатыны жеткізілді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды