ТЫМ ҚЫМБАТҚА ТҮСКЕН МАХАББАТ (хикаят)

 

Сағат тілі тырс-тырс соғып тұр. Даланы қою қараңғылық жайлаған. Екеуміздің ақ бесігіміздей болған кереуетте жатырмын. Бірақ, жалғызбын. Сен жоқсың жанымда. Күтіп жатырмын. Әлі де күтем. Есікке қайта-қайта телмірем. Тықыр еткен дыбысқа елең ете қалам. Өйткені, сен кеп қалдың ба деген ой жанымды жылытып, жүрегімді үміттендіре түседі. Елеңдеймін. Сағынамын. Қызғанамын. Тағы да қызғанамын…

Қызғаныштың қызыл оты жаныма тыным бермей қинай түседі. «Қайда? Кім-мен? Неге?» деген сұрақтарды өз-өзіме қоям да жауабын таппай аласұрам. Бүгін… Бүгін көктемнің алғашқы айының, соңғы күні… Екеуміз… Біз екеуміздің ақ некеге отырып, ақ шымылдыққа кірген күніміз. Алғаш рет махаббаттың ақ пердесін түрген күніміз… Иә, мені құшағыңа алып, ыстық лебіңмен жандырып жібере жаздап «Біз бақытты боламыз!» деген күнің… Сол сен айтқан бақытты күтіп бүгін мен есікке телміріп жатырмын… Жеті жылдан асыпты. Екеуміздің махаббатқа аяқ басқан уақытымызға да жеті жыл толыпты-ау. Есіме сол күнгі діріл қағып, сенен ұялып, ұяңдықпен бауырыңа тығыла түскен сәттерім түсуде. Сен мені құшырлана құшақтайсың… Екеуміздің шын бақытты сәттеріміз есіме түсуде. Соны есіме алғанда көзіме мөлдір тамшылар үйіріліп, жанымды езген қызғаныш пен алапат күш тамшы болып жанарыма ұялап, ащы өксік болып тамағыма тығыла түсуде. Орнымнан көтеріліп бөлмемізден, екеуміздің бөлмемізден шықтым. Анадайда кереуетте ұлымыз жатыр. Жасы алтыдан асқан періштем тәтті ұйқыда. Оны көрдім де ішімдегі алапат сезім елжірей түсіп, қызғанышпен егескен аналық мейірімім еріксіз жылата берді. Өкіріп жылап жібердім. Тек өксігім мен өкірген үнім әлсіз шықты. Ұлымның тәтті ұйқысын ащы мұңыммен бұзғым келмеді. Орнымнан көтеріліп асханаға келдім. Жарықты жаққым келмеді. Бәлкім жанымды езген қара сезімді қара түнек бөлмеде қапаста ұстағым келген болуы керек… Әйтеуір жарықты жаққым келмеді…

Жеті жыл бұрынғы ыстық құшақ суи қоймас деп ойлайтынмын. Мүлдем, сол айқасқан құшақтар ажырамастай, сол аймаласқан сәттер алысқа ұзамастай көрінетін еді. Сол алаулаған махаббаттың сезімі өшпестей сезілетін. Бірақ, олай болмай шықты. Жыл жылжып, уақыт зымырай берді. Мен жүкті болдым. Бұл сәтті екеуміз ерекше ықыласпен, ыстық махаббатпен атап өттік. Сен мені аймаладың, аяладың, жақсы көрдің, сүйдің, еркелеттің… Сенің әр қылығың нәзік жанымды тербеп, өзімнің риясыз бақытты екенімді сездім. Мен шынында да бақытты едім… Әттең, сол бақытты сәттерімнің өтеуі осыншалықты қымбатқа түсерін білгенімде ғой…

Бұрынғыдай түн баласы еркелетпейтінсің. Еркелеткің келіп тырыссаң да шынайы шықпайтын. Ұлыңды әкелік махаббатпен құшағыңа алатынсың, көзіңмен мені аймалағандай болатынсың, алайда ойың өзге жақта тұратын еді. Нәзік те ғашық жүрек барлығын сезеді емес пе? Сүйген жүрек ештеңені қалт жібермей бақылап тұрады емес пе? Мен де сезе бастадым. Сенің жүрегіңнің қақ бөлінгенін ұқтым. Оның бір бөлігі өзгенің қолында кеткен де, екінші бөлігі ғана маған және ұлыма тиесілі еді. Қақ бөлінген жарты жүректің тек жартысын ғана иемдену неткен қорлық еді десеңші. Неткен азап еді, сол сезім… Өзіңе ғана тиесілі жүректі өзгемен бөлісу нағыз қасірет екен-ау…

Бірде сен тым кеш келдің. Аяғыңнан тұра алмайсың, теңселіп әрең төсекке жеттің. Әлденелерді самбырлап айтып жүрсің. Арасында:

– Жаным, Арай, жаным… – дедің.

Жүрегім тілініп түскендей болды. Сен Арай дедің. Менің отыздан асса да ер етегінен ұстап кете алмаған құрбымның атын айтып тұрдың. Мен ашуланғаным сонша шапалақпен бетіңе салып жібердім. Сен өлесі мас болғаның сонша былқ етпестен төсекке құлап бара жаттың. Киімдеріңді шешіп жатып арқаңның қанталай тырналғанын көрдім. Иә, екі жауырыныңда нәзік тырнақ іздері бар еді. Екі иығыңды да шайнап тастаған көкпеңбек. Осыларға қарап тұрып, осы таңбаларды салған жанның Арай екенін ойлаудың өзі маған өліммен тең еді. Иә, мен тек бір адамнан емес, екі адамнан опасыздық көрдім. Өйткені, Арай менің сырлас, мұңдас, тіпті адал досым болатын. Менің махаббатымды да, достығымды да қорладыңдар… Сонда менде не қалды? Не?

Сен таңертең ешқандай сұраққа жауап бермедің. Мен Арай жайлы ештеңе айтпастан жай сол іздерді салған нәзік жанның кім екенін сұрадым. Сен менің бетіме шапалақпен салып жібердің де:

– Жұмысың болмасын! Мен еркекпін! Жай жолдастармен саунаға бардық! Жабайы, арын сататындардан қызғанып қырғын шығарушы болма! – дедің де менің өкіре жылағаныма қарамастан үйден шығып кеттің.

Мен шын бақытты сезінген сол сәттің өткеніне жеті жылдан асқан күн бүгін. Ал сен жоқсың. Сағат тілі сырт-сырт соғып тұр. Сені іздеп аласұрып сонша опасыздық жасасаң да кешіріп, сені сағынып, сенің сол кездердегі ыстық құшағыңды аңсап, өзгенің құшағынан қызғанып тағы отырмын. Сен осылайша мені азаптасаң да оралуыңды күттім.

Асханада отырмын. Жылап отырмын. Есік қоңырауы шырылдай берді. Өзге жанның құшағынан жылу алып, өз жылуыңды соған беріп келе жатқаныңды ұқсам да есікке тез келдім. Сен екеніңді біліп тұрсам да:

– Кім? – дедім жай ғана сабырлы үн-мен.

– Мен! Аш! – дедің сен.

Дауысың ащы шықты. Мен есіктің ілмегін алып, есікті аша бердім. Ал сен жалғыз емес едің. Жаныңда Арай тұрды. Сен оның белінен құшақтап алыпсың. Жүрегім мұздап кетті. Мен осыдан қорқып едім. Барлығын ішім сезсе де, сенің келіп қарсы алдымда мойындауыңнан қорқатынмын. Өйткені, олай болса жолымыздың екіге айрылатынын білетін едім. Сен еш қысылмастан:

– Сөйлесуге келдік сенімен! – дедің.

Ал Арай болса сенің иықты кеудеңе тығыла түскендей басын төмен сала берді де, кері шегіншектегендей болды. Ал сен оған күш бергендей алға сүйреп:

– Бүгін барлығына нүкте қоюымыз керек! – дедің оған жұмсақ үнмен.

Мен көзім жасаурап кері шегіншектей бердім. Екеуің ішке кірдіңдер. Мен айқайлай алмадым. Иә, екеуіңе ештеңе айта алмадым. Өзге әйелдердей құрбымның бетінен жұлып, сенің төсіңе шаба алмадым. Мен сені соншалықты сүйеді екенмін, өзім де білмеппін-ау құлай сүйеді екенмін. Осы сәтте ештеңе айта алмай тілім байланды да қалды. Сөзді сен бастадың:

– Мен Арайды сүйем. Алғашында жай қызығушылық болар деп мән бермегем, төрт жылдан асып кетті, енді жасырынбақ ойнағым келмейді. Ажырасайық, балама көмектесіп тұрам! – дедің қатулы үнмен.

Мен дірілдеп тұрмын. Басымды көтеріп Арайға қарадым. Ол:

– Мен саған, сенің бақытыңа қызыға қарайтынмын. Екеуіңнің бақытты екендеріңді көріп қуанатын да, қызғанатын едім. Өйткені, сен жеткен сол бақытқа менің де жеткім келетін. Мені кешір, бұлай болар деп ойламағам. Күтпегеніңді… – дей бергенде мен ары қарай сөзіңді тыңдамастан:

– Сенің қызғанышыңның құрбаны неге менің балам болуы керек? Неге ол әкесіз өсуі керек? Мені ойламасаң да, баламды ойламадың ба? Ол сені жақсы көретін еді ғой. Ол сені жанына қатты жақын тартатын еді… – дедім де ары қарай сөйлей алмай қалдым.

– Соны ойлағандықтан төрт жыл тығылып ойын ойнап келдім. Енді олай ете алмаймын. Енді өз балам үшін олай ете алмаймын… – деген Арайдың сөзі мені есеңгіретіп тастады.

Ішіне жалт қарадым. Сонда барып байқадым, домаланып білініп те қалыпты. Мен өз-өзіме жауап бере алмастай күй кештім:

– Жоқ! Жо-жоқ! Болуы мүмкін емес! Сен… Сен екіқабатсың ба? – дедім де өкіре бердім, жылай бердім.

Менің сонша уақыт ішімде ұстап келген ызам, ашуым, өкпем, налам, қызғанышым, қимастығым осы сәтте сыртқа атқылай шығуда еді. Аласұрған мен:

– Жоқ! Олай ете алмайсыңдар! Менің баламды жылатып, мені еңіретіп кете алмайсыңдар! – дей бердім.

Сен түк болмағандай:

– Кете аламыз! Мен Арайды сүйем! Ендігі өмірімді сонымен өткізгім келеді! – дедің.

– Мен өлемін! Тастап кетер болсаң, мен өлемін! Арай есіңде болсын сен ұлымды тек әкеден емес, анасынан да айырмақсың! Сен бұлай бақытты бола алмайсың! Менің көз жасым сендерге бақыт әкелмейді… – деп жылай бердім.

Ал сен Арайды құшақтап балаңның барын, ес кіріп қалған ұлыңның барын естен шығарған жандай:

– Өлсең өл! – деп тұрдың.

Мен сол тас қараңғы асханаға жақындай бердім. Үшінші қабаттан төменге секірмекпін.

Ал сен миығыңнан күліп:

– Секірсе секірсін! Өле алмайды, өліп көрсін! – дедің.

Дүниені тіреп тұрған жандай айтқан осы сөзің мені үшінші қабаттың терезесінен төменге құлдилатты да жіберді. Мен секіргенде барып сенің:

– Жоқ-қ! – деген ащы үнің шықты.

Ары қарай көзім бұлдырап бара жатты…

*   *   *

Көзімді аштым. Аурухана төсегінде жатыр екем. Көзімді ашқаным сол, мейірбике күлімсіреп:

– Қайырлы күн! – деді.

Мен әлсіз ғана жымидым. Көз алдыма өткен оқиғалар тізбектеле берді. Есімді жинай бастаған сәтте есіктен анам кірді, жанында сен барсың. Сені көрдім де бірден:

– Шық! – дедім әлсірей…

Аузыңды ашпақ болып әлдене айтпақ бола бергеніңде анам:

– Кет! – деді зілді үнмен.

Сен кеттің. Сол кеткеннен қайтып оралмадың. Мен қара балдақты мәңгілік серік етіп қала бердім. Иә, сен қайтып оралмадың… Оралмағаның да дұрыс болып көрінді маған…

 

*   *   *

Қазір баламмен бірге тұрам. Ол бесінші сыныпта оқиды. Сені сағынатыны бар. Кейде айтып та қояды. Ол сені мүлдем естен шығарған емес. Мен ешқашан сен жайлы оған жаман пікір айтқан емеспін. Міне, бүгін де сабағынан келді. Есікті ашып едім, маған қуана:

– Ана… Анашым… – дей берді жарқын үнмен.

– Жаным-ау, не болды? – дей бергенім сол, оны әлдекімнің жетектей келгенін көрдім.

Пәтер есігінің алдында сен тұр едің мөлиіп. Маған жасқана қарайсың. Ұлым:

– Әкем бізге келіпті, ол енді кетпейді. Бізге келіпті! – деген ұлымның сөздерінен құлағым шыңылдап бара жатқандай болды.

Ал мен болсам:

– Неге? – дедім.

Сен жауап бергің келмей үнсіз тұрсың. Балам:

– Кірсінші, үйге кіргізші әкемді… Анашым кіргізші… – деп қиыла берді.

– Мен кірсін, бірақ қайтып шықсын, – дедім зілді үнмен.

Ұлым бұл сөзімді ұнатпаса да басын изей берді. Менің жүзімдегі қатал өзгеріс сені көп отырғызбады, ұлыңмен біраз ойнап, оның мауқы басылмаса да кетуге ыңғайлана бердің. Есік алдында тұрып:

– Неге? Кешіруге болмай ма? – дедің бейшара үнмен.

Менің кешіргім келіп тұрды. Алайда, кешіре алмадым. Саған тістене қарап:

– Саған деген махаббатым тым қымбатқа түсті. Білесің бе, тым қымбатқа… – деп балдағымды нұсқадым да көзіме келген жасты ірки алмай қос қолыммен бетімді баса бердім…

Сен барлығын түсіндің…. Ештеңе айта алмай бұрылып кеттің. Ұлым:

– Ол кешірім сұрады ғой анашым. Неге кешірмедің… Неге? Кешірші оны… – деп жылай берді.

Алайда, мен кешіре алмайтынымды түсініп едім. Оған қарап:

– Сен мені кешір балам… Сен кешір мені… – дедім де егіле бердім, езіле бердім…

Әлі жылап жүрмін. Кешіргім келеді. Алайда, тым қымбатқа түскен сол кездегі махаббатымның құнсызданып кеткеніне жылаймын. Иә, түк құны да қалмаған екен… Сол құнсыз дүние үшін ақымақтық жасағаныма өкініп жүрмін… Әлі де өкінем. Өз өмірімді балдаққа байлағаным үшін өкінем, сені кешірмегенім үшін емес, тағдырымды сол құнсыз махаббат үшін қорлағаныма өкінем… Балдаққа байланған тағдырым үшін өкінем… Сені жоғалтқаным үшін өкінбеймін, менің адал махаббатымды бағалай алмаған сенің өмірімде жоқ болғаның да жеңілірек көрінеді маған…

Нұрсұлу БАЗАРБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған