ШЫМКЕНТТЕ 31 МЫҢНАН АСТАМ «ТӨЛЕМ» КАРТАСЫ САТЫЛҒАН

Шымкентте қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру бойынша «Төлем» жүйесі енгізілген болатын. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қолға алынған жүйенің даму бағытын бақылау мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов сала мамандарымен жиын өткізіп, бүгінге дейінгі атқарылған жұмыс барысының есебін тыңдады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде «Tolem» электронды билеттендіру жүйесінің валидаторларын қосу жұмыстары аяқталып, қала тұрғындарына карточкалар таратылып жатыр. Қазіргі таңда 31000-нан астам карта сатылып, 65000 данадан астам жолаушыдан транзакцияланған.

Тұрғындарды тіркеу және сатып алу, пайдалану бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізіліп, күніне 150-ден астам қоңырауға жауап беретін Саll-орталық жұмыс жасауда.

Сонымен қатар, жеңілдікпен жүру мүмкіндігі қарастырылған ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне, Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төс белгі иелеріне және І – топтағы көру қабілеті нашар жандарға көлік карталарын тіркеу жалғасуда.

Жеңілдікпен жүретін азаматтарға карталарды тіркеу мақсатында Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасы мен қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардан қажетті мәліметтер қабылданып, базаға енгізілуде. Процестің тиімділігін арттыру мақсатында 2 қарашадан бастап Telegram-бот арқылы өз бетінше өтініш бере алу мүмкіндігі іске қосылады. Картаға өтінім жіберіліп тіркелген соң, ол жасалып, оқушылар үшін оқу орнына, жеңілдетілген тұлғалар үшін әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасы мен қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында пайдалануға дайындалып, жеткізіледі.

Жалпы қалада 220 мың мектеп оқушысы, 80 мың студент, 14 мың жеңілдік берілген тұрғын бар.

Дегенмен, қала әкімі атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді. Тұрғындарға қолжетімді болу үшін «Төлем» карталарының толық таратылмауына байланысты 1 қарашадан басталатын тарифтің іске қосылуын 9 қарашаға қалдырды. Сәйкесінше сала мамандарының сол уақытқа дейін жүйені толық аяқтап ендіруді және тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Жалпы жоба жеке инвестор «QazSmartTrans» ЖШС-і есебінен іске асырылуда. Инвестиция көлемі 1,2 млрд. теңгені құрайды. Төлем карталарының 4 түрі қарастырылған – стандарттық (жалпы пайдалануға), мектеп оқушыларының, студенттік және жеңілдетілген карталар.

Жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып жол жүру ақысын төлей алады. 9 қарашадан бастап көлік карталары арқылы тариф 70 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф 100 теңге болады.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған