САЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМЕТ SMS АРҚЫЛЫ ТАРАТЫЛМАҚ

ҚР қаржы вице-министрі Қанат Баеділов Primeminister.kz ресми ресурсының алаңында берген сұхбатында елімізде салық төлеушілерге жасалып жатқан жеңілдіктер туралы айтып берді.
Мемлекет жеке тұлғалардың салықтарды уақытылы төлеуіне қолайлы жағдай жасауда. Мәселен, бүгінгі таңда әрбір жеке тұлға ешқайда бармай-ақ, үйінде отырып Электронды үкімет порталы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында өздерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері арқылы қандай салықтарының бар екенін, оның қашан пайда болғанын, қашан төлеу керектігі туралы ақпараттарды біле алады. Оңтайландыру шаралары осымен тоқтап қалған жоқ, қызметтер сапасы біртіндеп жақсартылып жатыр.
— Биылдан бастап жеке тұлғалар egov.kz порталы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің сайты арқылы алдағы уақытта қандай салықтар төлеу керек болатыны туралы ақпаратты көре алады. Сондай-ақ, осы жылдан бастап SMS-хабарламалар арқылы қандай салық берешектері бар, қандай салықтар алдағы уақытта төленуі керек деген хабарламалар тарататын боламыз, — деді қаржы вице-министрі Қ. Баеділов.
Вице-министрдің айтуынша, Сингапур және Еуропа мемлекеттерінің озық тәжірибелерін ескере отырып, 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, жеке кәсіпкерлер, жеке тұлғалар қандай салық берешегі бар екені туралы ақпаратпен қоса, кеден және салықтар туралы басқа да сұрақтарға жауап ала алады. Осыған орай тиісті біліктілігі бар мамандар даярланып жатыр. Аталған жұмысты да 2-3 айдан кейін іске асыру көзделген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған