САҚАДАЙ САЙМЫЗ!

Бокс әлемінде беделі күн санап өсіп келе жатқан жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлы ертең кезекті жекпе-жегін өткізеді. Бұйырса, батырымыз небәрі алтыншы жекпе-жегінде қос белбеудің иегері атанбақ.

Лос Анжелесте өтетін бокс кешінде WBO Global және WBC Continental Americas чемпиондық белбеулері сарапқа салынады. Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған.

Жәнібекке тәжірибелі мексикалық боксшы Кристиан Олливас қарсылас атанып отыр. Бұған дейін 20 кездесу өткізіп үлгерген ол соққыға төзе білетінін байқатқан, ешкім құлата алмаған.

Қалай десек те, қандасымыз өз жеңісіне сенімді. Көңіл-күйі де керемет.

– Өзімнің бокс тарихымда 160 фунтта салмаққа бірінші рет түстім. Еш қиналмадық. Денсаулық та, көңіл-күй де тамаша. Бұл менің салмағым! Бұйыртса ертең жекпе-жек. Сақадай саймыз! – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Айта кетейік, «Qazsport» телеарнасы қазақ жанкүйерлеріне тамаша сый жасап отыр. Staples Center аренасында өтетін бокс кешін Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 07:00-де тікелей эфирден тамашалай аласыздар.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған