РУХАНИ ЖАҢАРУ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Тәуелсіздігімізбен қатар елімізде Ислам дінін қайта жаңғыртқан Алла Тағалаға мың сан шүкір! Қазіргі уақытта дініміз бен дәстүрімізді қатар алып жүретін дәрежеге жеттік. Жыл сайын дәстүрлі мерекелермен қатар, діни мерекелерді де жоғары дәрежеде атап өтудеміз.

Құрметті мұсылман қауым! Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтап, Алла Тағаладан ел амандығын, жұрт тыныштығын, дінімізге қуат, отбастарыңызға береке-бірлік, барша мұсылман халықтарына Жаратқанның жақсылықтары дарысын деп тілеймін.

Рамазан айында барша мұсылман ораза ұстап, Алла Тағаланың мейір-шапағатына бөленеді, қайырлы iстердi көбейтедi, жүрегiн, тiлiн және барша iс-әрекетiн ғибадатқа бейімдейді.

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл айда мұсылмандар ораза ғибадатын атқарудың нәтижесінде шүкіршілік, шыдамдылық, жанашырлық, сабырлылық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секiлдi iзгi қасиеттердi тұла бойларына қалыптастырып, имандылықтары артады. Имандылық адамды арсыздықтан арылтады.

Ораза ұстаған адам нәпсісін басқара білуі, мінез-құлқын көркемдеу және тілін жаман сөздерден тыю арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рахметі мен мағфиратына бөленіп, жәннатқа лайықты ізгі жанға айналады.

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында былай дейді: «Ей, иман келтіргендер! Бұрынғыларға парыз болғаны сияқты сендерге де тақуалы болуларың үшін (күнәдан сақтануларың үшін) ораза парыз етілді».

Алла Тағала хадис құдсиде: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана (білемін және) беремін. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, сусын, ішімдігінен және жыныстық қатынастан бас тартты», – дегеніндей рамазан айында күні бойы қарны ашса да ештеңе жемей, шөлдесе де бір жұтым су ішпей, шыдамдылық танытқан жерлестерімізге Алла Тағаланың нұры жаусын.

Құрметті жерлестер!

Ораза ұстағандарға ауызашар берудің де сауабы мол әрі ол мұсылман баласына тән дәстүр.

Хадистерде ауызашарға келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған. Бір хадисте: «Қияметте Алла Тағала кей адамдардан: «Маған неге ас жегізбедің?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Сен барлық әлемдердің Раббысы, Иесісің ғой, мен саған қалайша ас бермекпін?» – дейді. Сонда Алла Тағала: «Қарны аш бауырыңа (ауыз аштырмадың) тамақ бермедің. Егер оған (ауыз аштырғаныңда) маған ас жегізгендей сауап алар едің», – дейді», – делінген.

Аузы берік адамға бір құрма немесе бір кесе су тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді.

Қадірлі қауым!

Рахым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болсын! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп етсін!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болып, мәңгілік ел болсын! Әмин!

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған