ӘНІНЕ ӘЛЕМ ТЕРБЕЛГЕН

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада  танымал талантты тұлға, әнші, композитор Марат Омаровпен кездесу кеші өтті. Іс-шараға оқырмандар мен қалалық «Үміт» мектеп-интернатының оқушылары қатысты.

Туған жерге келген осы сапарында кітапханаға ат басын арнайы бұрған талант иесімен өткен бұл кездесу кеші жоғары деңгейде өтіп, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

Іс-шараны кітапхана директоры Нұрмамбетов Бәкір Әбдіұлы ашып, әнші, сазгер Марат Омаровқа арнайы алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Марат Әбдіұлы кешті жүргізген Ербек Бакиевтің сауалдарына емен-жарқын жауап беріп, жаңалықтарымен бөлісті.

Әншілер Жомарт Барлыбаев пен Балташ Еңсепбаев Композитордың әндерін орындады. «Үміт» мектеп-интернатының 4-сынып оқушысы бірнеше ән байқауларда топ жарып жүрген Айбын Жұмабек те өзінің орындаған тамаша әнімен, ерекше дауысымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Айбынның ерекше дауысына тәнті болған Марат Әбдіұлы талантты балаға батасын беріп, өмір жолында, ән әлемінде ақ жол, сәтті қадам тіледі.

Кеш барысында танымал өнер жұлдызы өзінің бірнеше әнін орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Кеш соңында кітапхана директорының орынбасары Тұранбаева Ұлбике Мүтәнқызы Марат Омаровқа алғысын білдіріп, кітапхана әкімшілігі атынан арнайы сый-сияпатын табыстады.

Қызықты сыр-сұхбаттан, сұлу саздар мен әсем әндерден ерекше әсер алған оқырмандар да жылы лебіздерін білдірді. Марат Омаров халықтың жүрегінен орын алған «Анашым», «Қоштасқым келмейді», «Әнші балапан», «Қыз сыны», «Сыңарым» т.б әсем әндерінің авторы. Асқақ рухты, терең тебіреніске толы әндерімен адамның ой сезімін үлкен әсерге бөлейтін өзгеше өрнекті сазгер Марат Омаров қазақ музыкасының, қазақ өнерінің дамуына үлес қосқан қайталанбас тұлға.

Мадина Ермаханова,

Шымкент қалалық арнайы кітапханасының

«Тифлология» бөлімінің тифлолог-редакторы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған