ӘН-ДОМБЫРАҒА – 10 ЖЫЛ!

Қазақтай ұлы халықтың мәдениеті де, өркениеті де, ұлттық құндылығы да биік. Қазақ – бір ғана қасиетті домбырамен бүкіл тарихын зерделеп жеткізе білгендігімен ұлы халық. Мұнымен ешкім таласа алмайтыны хақ.

Қазақ халқының әні мен күйі сонау тал бесіктен басталып, жер бесікке дейінгі аралықта мәңгі әлдилеп, жүрек қылын шертіп, мұңы мен зарын, қуанышы мен сүйінішін жеткізе білген ұлы өнер! Соның ішінде дәстүрлі әндері қандай десеңші?! Домбырадан төгілтіп кеп жібергенде, құлақ құрышыңды қандырып, делебеңді қоздырып, қаласа мұңға батырып, қаласа шалқар шабытпен жүрегіңе қозғау салып жіберетін, қуаныштан лүпіл қаққан жүрегіңе бір сәтте махаббаттың  мәнін ұғындыратын, алпыс екі тамырыңды идіріп жіберетін кеңдігі бар, даладай дархандығы бар қазақ әні осынау қасиеттерімен құнды.

Бүгінде сол ұлы дәстүрді жалғап, жоғалып кетпеуіне үлкен үлес қосып, қара домбырадан ән төгілтіп, сол әнді  балалардың жүрегіне  қондырып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келе жатқан ұжымның бірі Шымкент қалалық оқушылар сарайындағы «Ән-домбыра» үйірмесі. Әшірбекова Перизат  Сайлауқызы жетекшілік ететін «Ән-домбыра» ұжымы 10 жылдық мерейтойларын атап өтті. Осы атаулы мерекеге  байланысты  «Ән-домбыра» үйірмесінің шәкірттері Перизат Сайлауқызының жетекшілік етуімен есеп беру кешін  ұйымдастырды. Өнерлі орданың мерейлі мерекесіне біздің сайт ұжымы да құттықтай барып, әннің шуағына шомылып қайтты.

Домбырадан ешбір хабары болмай келетін қазақтың қара домалақтары осынау үйірмеден қаншама ұлттық  құндылықтарды бойына сіңіріп шығады. Он жылдық есеп беру концертінде, сахна төріне шыққан балалар әннен әуелеткен кезде, ән иірімдері жүрек қылын шерткен тұста, қара домбыраның құдіреттілігіне  сүйсінесің, қазақ болып туылғаныңды мақтан тұтасың. Биылғы оқу жылында, яғни 2018 жылдың қыркүйек айында ғана қолына домбыраны алғаш алған балалардың өзі  халық әндерін әуелете шырқады. Одан бөлек орта топтың, жоғары топтың балалары жиналған көрерменді әннің әсем  ырғағына бөледі. Сондай-ақ, аталмыш үйірмеден түлеп ұшып, армандары алға жетелеген  шәкірттер де мерейлі мерекеге  арнайы келіпті. Олардың жанып тұрған өнерін көргенде осынау үйірменің жұмыс жасап жатқандығы бекер емес екенін, ұлттық өнерге қосып жатқан үлесінің зор екенін аңғарғандай болдық. Бітіріп кеткен шәкірттерінің шабыттана өнер көрсетуі Перизат Сайлауқызын да бір марқайтып тастады. «Ұстаз бақыты» дегеніміз осы болса керек.

Мерекеге арнайы құттықтап келген қонақтар ақ тілек айтып, өнер үйірмесіне сәт сапар тіледі. Республикаға танымал айтыскер ақын, сазгер Мұхтар Құралов, облысқа белгілі терме орындаушы, ұстаз, Мәдениет саласының үздігі Жақып Спатаев, терме байқауларының жеңімпазы, үздік терме орындаушы Кеңес Әшірбаев, Жамал Омарова атындағы №1 балалар саз мектебі директорының орынбасары, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Қалмаған Омар сынды ағаларымыз да сахна төрінде  үйірмені он жылдық мерекесімен құттықтап, ән өнері жайлы ұлағатты әңгімелер айтты.

Қонақтар арасында «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи  паркінің бас маманы Бердиева Қарашаш Әбдіқасымқызы,  Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының  бөлім меңгерушісі Мамытханова Шолпан Құрманғазықызы келіп құттықтау сөз сөйледі. Балаларын өнер әлемінен сусындасын деп осы үйірмеге жетелеп келген ата-аналар да тебірене тұрып сөз сөйледі. Ән-шашуын ала келген «Шымқала» триосының  өнері де көрерменді тәнті етті.

Керемет кештің өте жоғары деңгейде өткенін ақын, сазгер, Мұхтар Құралов ағамыздың бір ауыз сөзімен-ақ жеткізуге болар: «Мен Перизаттың жетекшілігіндегі осынау ән домбыра үйірмесінің  есеп беру концертін тыңдап отырып, үйірменің емес үлкен бір концерттік бірлестіктің есеп беру кешіне келгендей әсер алдым. Бұл жұмысқа деген жауапкершілік, бұл балаға деген үлкен ұстаздық махаббат, бұл өнерге деген құрмет деп білемін», – деп, «Ән-домбыра» үйірмесіне арнайы  жазған жырынан шашу шашты. Осынау кештің әсерлі өткені соншалықты екі сағаттан астам уақытқа созылған концерттен соң, кештің аяқталуын хабарлап, жүргізушілер «Келесі жүздескенше күн жақсы!» деп жатқанда да,  залдағы көрермен орнынан қозғалмастан әлі кештің әсерінен арыла алмай отыр еді.

Міне, бұл өнерге деген құрмет, расында өнерге деген шынайы сүйіспеншілік болса керек. Тағы да он жылдық құтты болсын, «Ән домбыра»!

Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған