КҮШ АТАСЫНА АРНАЛҒАН ДОДАҒА 200-ДЕН АСТАМ СПОРТШЫ ҚАТЫСАДЫ

Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың дәстүрлі халықаралық турнирі биыл 17 мамыр күні басталып, 3 күнге созылады. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Дәстүрлі турнир қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуаны, орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлынын ұрпақ жадында жаңғыртып отыруға бағытталған. Ол – 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған жауырыны жерге тимеген батыр.

– Қажымұқан Мұңайтпасов – барша қазақтың мақтанышы. Оның ерлігі, елдің атын әлемге танытуға сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Өмірінің соңғы күндерін Ордабасыда өткізіп, осы қасиетті мекенді мәңгілік тұрағы еткен палуанды бүгінде Ордабасыдан бөле жара сөз ете алмаймыз. Күш атасының асыл сүйегі жатқан ауданымыздан әлемдік, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген балуандар Ұлас Момынов, Нұрлан Асылов, Дәулет Байжігітов, Қуат Байқожаев, Елтай Сыдықов, Оңғар Үндемесов, Оңдыбай Үндемесов, Сейдахмет Қонақбаев сынды жігіттер Қажымұқанның ізімен жүрді, – деді Ордабасы ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы.

Бүгінде ауданда атақты балуан болсам деген арманның жетегінде өсіп келе жатқан жеткіншектердің көптігі де – көңілге медеу. Жұманазар Ерсұлтанов, Әділжан Ыстыбаев, ағайынды Ғұмар, Ғұсман Қырғызбаевтар, Абзал Арыстанбек талай дүбірлі додадан топ жарып, Ордабасы өңірінің мерейін тасытып жүр.

Биылғы дода да ең мықтыны анықтаумен қатар, қазақ күресінің даму сатысындағы тағы бір баспалдаққа көтерілуінің көрінісіне айналмақ. Қажымұқан Мұңайтпасовтың 149 жылдығына арналған 55-турнирге 5 мемлекеттен 200-ден астам спортшы қатысады деп жоспарлануда.

Жалпы Ордабасы жерінен ҚР еңбегі сінген 6 жаттықтырушы, 3 спорт қайраткері, күрестен 100-ден аса спорт шебері, бірнеше халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем біріншіліктерінің, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері шыққан.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған