ГОЛОВКИН МАУСЫМДА ЖҰДЫРЫҚТАСА МА, ӘЛДЕ ЖАТТЫҒА МА?

Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) шаршы алаңға оралатын күні мен қарсыласы белгілі болды. Жерлесіміз 8 маусымда Нью-Йорктің (АҚШ) Madison Square Garden кешенінде кезекті жекпе-жегін өткізеді. Бұл күні канадалық кәсіпқой боксшы Стив Роллспен (19-0, 10 КО) қолғап түйістіреді.

Сонымен, Қазақстан жанкүйерлері ғана емес, бүкіл әлем құлақ түрген ақпарат та тарады-ау әйтеуір. Алғашқы жеңілісінен кейін кездесу өткізбеген отандасымыз маусымда өз өнерін ортаға салмақ.

Көпшілік не боларын ұзақ күтті. Головкинге қарсылас іздеп, былғары қолғап кигендерден кімді таңдауға болатынын болжап, сәуегейлік жасаушылар да көп болды. Бірақ боксшының өз аузынан сөз шықпаған соң оның барлығы да болжам күйінде қала берді.

Әрине, ұзақ күткен жанкүйерлер қарсылас ретінде бокс әлемінде танылып үлгерген «жұлдыздарды» көргісі келді. Ал Стив Роллстің есімі аталғанда, қуанарын не өкінерін білмей екіұдай күй кешкені де өтірік емес. Өйткені, көпшілігі мұндай да боксшы бар екенін енді ғана біліп отыр. Оның жерлесімізге бәсекелестік көрсете алмасын да біледі. Сондықтан да көпшіліктің көкейінде «Головкин жұдырықтаса ма, әлде жаттыға ма?» деген сауал тұр.

Қалай десек те, бокс кеші өтетін күн де, орын да, қарсылас та белгіленіп қойды. Кенеттен тосын жайт орын алмаса, Гена мен Стив жұдырықтасады. Сондықтан жерлесіміздің қарсыласымен аз-кем таныстыра кетейік.

Канаданың Онтарио провинциясында дүниеге келген Стив Роллс Генадан небәрі екі жас қана кіші. 2011 жылы кәсіби боксқа ауысқан ол екінші орта салмақта (76,2 келі) өнер көрсетеді. Кәсіпқой бокстағы ең үлкен жетістігі ретінде оның жеңілмегенін айтуға болатын шығар. Басқаға қайдам, қазақ боксшысына қиындық тудыра алатын ерекше қырын таба алмадық. Жекпе-жектерінің басым бөлігін өз елінде өткізген. Осы уақытқа дейін 12 раундтық жекпе-жек өткізбеген. Соның өзі-ақ боксшының деңгейінен хабар беріп тұр емес пе?

Есімізге Геннадий Головкиннің 2015 жылғы 17 ақпанда өткізген жекпе-жегі оралып отыр. Сол күні канадалық Давид Лемьемен жұдырықтасқан болатын. Оған дейін 34 жекпе-жек өткізіп, 31-інде нокаутпен жеңіске жеткен канадалықты Гена әбден сабаған еді. Жекпе-жек жалғаса түссе бет-аузынан сау тамтық қалмайтынын түсінген төрешілер кездесуді тоқтатқан-тын. Ал Стив Роллсті отандасы Давидпен салыстыруға да келмейді. Жетпістің жартысына жеткенше атын шығара алмаған оның бұдан кейін бір биікті бағындырарына өзі де сенбес. Қалай болғанда да, 8 маусымдағы жекпе-жекті жеңімпазын қазірден жариялай берсеңіздер болады. Сондықтан нағыз «Big Drama Show-ды» қыркүйек айынан күтеміз.

Мирас ӘСЕМ.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған