«ЕМХАНАҒА АЛЫП БАРАМЫЗ» ДЕП, ӨЛТІРІП КЕТКЕН

Түркістан облысы Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері бей-жай қарамай, қол ұшын берген азаматтардың арқасында таксистің өліміне қатысы бар күдіктілерді ізін суытпай құрықтады. Бұл туралы ТО ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

2019 жылдың 17 мамырында Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түседі. Азаматша жолдың жиегінен денесі қан-қан болған ер азаматтың жатқанын айтады. Оқиға орнына аудандық полиция басқармасынан тез арада жедел-тергеу тобы аттанады.

Куәгерлердің айтуына қарағанда күндізгі сағат 16.30 шамасында, «Ауди» маркалы көлігі жол бойына тоқтап, ішінен денесі қанға малынған жүргізуші шығады да, көп ұзамай сылқ етіп құлаған. Артынша көліктен жас қыз бен азамат шығып, жүргізушіні көтеріп алып көлікке қайтадан салған. Көргендерге «Бұл азаматты емханаға алып барамыз» деп айтып, Шымкент жаққа қарай жүріп кеткен.

Дәл сол күні жедел уәкілдер автокөлік иесінің, яғни жүргізушінің жеке тұлғасын анықтайды. Ол Түркістан облысының жергілікті тұрғыны екен. Атқарылған жедел іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары «жас ер азамат қарақшылардың құрбанына айналуы мүмкін» деген тұжырымға келеді. Ауыр қылмыс жасаған күдіктілерді құрықтау үшін облыстан криминалдық полиция мен тергеу басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы топ «Тосқауыл» жоспарын құрып және шекара маңындағы облыс аумақтарына полиция нарядтарын қояды. Түркістан облысы Полиция департаментінің және Шымкент қаласының барлық жеке құрамына бағыт беріледі.

Нәтижесінде, полицейлер Сарыағаш ауданындағы жолдың жиегінен өлікпен бірге тастап кеткен иесіз көлікті табады. Жедел іздестіру шарасының аясында Сарыағаш сақшылары жергілікті автовокзалдан Алматыға қарай кетпекші болған күдіктілерді құрықтайды. Сонымен қатар, қылмыс жасаған жас қыздың көршілес республиканың тұрғыны, ал ер азамат Алматы облысының тұрғыны екені анықталады.

Бүгінгі таңда екеуі де қамауда. Сайрам аудандық полиция басқармасының тергеушілері ҚР Қылмыстық кодексінің «Қарақшылық» және «Адам өлтіру» баптарымен күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тексеру амалдарын жүргізуде.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған